Ақмолада суға түсу маусымына 80 жағажай ашылмақ

Ақмолада суға түсу маусымына 80 жағажай ашылмақ
Фото: Автордан

Ақмола облысында осы жазда шомылу маусымына орай 80-нен астам жағажай ашылады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық төтенше жағдайлар департаментінің басқарма бастығы мәлім етті. Төтенше жағдай қызметінің мәліметінше қазіргі уақытта ірі көлдер мен өзендерде құтқарушылар мен сүңгуірлер кезекшілікке кіріскен. Дегенмен, қауіпсіздік шараларын сақтамай суға батқан оқиғалар соңғы жылдары жиілеп кеткен. Соңғы төрт жыл ішінде ғана облыс бойынша су қоймаларында 58 адам қаза тапқан, оның ішінде 14-і балалар. Сондай-ақ жыл басынан бері ғана екі адам суға кеткен. Құтқарушылардың айтуынша, қайғылы оқиғалардың басым бөлігіне басты себеп суға мас күйінде әрі тыйым салынған жабдықталмаған су қоймаларына түсудің салдарынан болған.

"Бізде облыс аумағында штатта тек 71 адам ғана бар. Біз өңірдегі барлық су қоймаларын қамти алмаймыз. Негізінен, қайғылы оқиғалар ауылды жерлерде болып жатады. Соңғы жылдары болған суға бату оқиғаларына жүргізілген талдау қаза тапқандардың басым бөлігі Целиноград ауданында болғанын көрсетті. Өйткені мұнда Нұра және Есіл өзендері мен басқа да су арналары бар", - дейді ТЖ департаментінің басқарма бастығы Асхат Ақылжанов.

Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Қ. Әбілдәқызы