Павлодар қаласында егіздер шеруі өтті

Павлодар қаласында егіздер шеруі өтті
Фото: Автордан

Халықаралық балаларды қорғау күніне орай Павлодар қаласында егіздер шеруі өтті. "Қос қанат" фестиваліне өңірдің бес пен он алты жас аралығындағы елу егіз қатысты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Сонымен қатар, үшемдер де қалыс қалған жоқ. Әлбетте, олардың саны аздау. Тел қозыдай тең өскен егіз жұптар орталық жағажайда шерулетіп өтіп, қазақтың ұлттық киімдерінің сән үлгісін көрсетті. Ал, өнерлі жұптар жағалаудағы "Еrtis Promenad" сахнасында ән шырқап, күй төкті. Жалпы, Павлодарда жыл сайын балалар күніне орай "Шаттық бала" фестивалі өткізіліп тұрады. Биылғы шараның ерекшелігі егіздердің шерулетуі болды.

"Егіздер шеруінің басты мақсаты - отбасылық құндылықтарды сақтау, ата-ана мен балалар арасындағы қарым қатынасты нығайту. Сонымен қатар, отбасылық құндылықтарды дәріптеу отбасылық дәстүрлерді сақтау болып табылады. Балалық шақ адамзаттың көктемі деп, Сәбит Мұқанов айтқандай, Егемен Қазақстанның болашақ жастары балаларына бақытты балалық шақ және зор денсаулық тілеймін", - дейді Павлодардағы М.Катаев атындағы оқушылар сарайының әдіскері Әсем Айыпова.  

Шара соңында фестивалге қатысқан барлық егіздерге сыйлықтар мен арнайы сертификаттар табыс етілді.

Е.Базарқұл

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Қ. Әбілдәқызы