Қара бетперде киген жұмбақ жігіт көшедегі балаларға велосипед сыйлады

Қара бетперде киген жұмбақ жігіт көшедегі балаларға велосипед сыйлады
Фото: видеоскрин

Қара бетперде таққан жұмбақ жігіт балаларды қуантты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Әлеуметтік желіде қара бетперде киіп, мұқтаж жандарды қуантып жүрген жұмбақ жігіт Қарағанды мен Теміртау қалаларындағы балаларды қуанышқа бөледі. Бұл туралы ол  өзінің әлеуметтік желідегі парақшасына жариялады. Бейнежазба көпшіліктің жүрегін елжіретті. Көшедегі балақайларға су жаңа велосипед сыйлады. Тосын сыйға балақайлар ерекше қуанды. Тіпті жұмбақ жігіт балалар мен қарт кісілерге ақша беріп, көңілін көтерді.

"Көшеде ойнап жүрген және әлеуметтік аз қамтылған отбасы балаларын қуанттық. Жиырманың үстінде велосипед тараттық" - деді қара бетперде киген жігіт.

Балалардың қуанышты сәтінің видеосы әлеуметтік желі қолданушыларының ерекше ықыласына бөленді. Бірі "Балалардың қуанышты жүзі мәңгі болсын, сенің жасаған жақсылығыңды екінің бірі жасай алмайды" деп жүрек жарды пікірін жазса, енді бірі "Жыламай қарау мүмкін емес, Алла разы болсын" деп ақ тілегін арнаған.

Еске сала кетейік, бұған дейін жұмбақ жігіттің  қатерлі ісікке шалдыққан баланы қуантып, мүгедек балалары бар анаға пәтер сыйлағанын жазған едік.

Кәмшат Сексенбай

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Қ. Әбілдәқызы