"Денесі суда қалқып жүргенін көрген". Шымкентте екі жасөспірім 6 жасар бүлдіршінді құтқарып қалды

"Денесі суда қалқып жүргенін көрген". Шымкентте екі жасөспірім 6 жасар бүлдіршінді құтқарып қалды
Фото: Instagram/shymkent_tjd

Шымкентте екі жасөспірім 6 жасар бүлдіршінді құтқарып қалды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Шымкент Төтенше жағдай департаментіне сілтеме жасап. 

Оқиға биыл 10 мамырда Шымкенттегі Игілік тұрғын алабының аумағынан ағып өтетін Бадам өзені бойында болған.

Шомылуға келген бір топ жасөспірім кішкентай баланың суға батып кеткені туралы айтты. Алғашқы сәтте бұған сенбеген Ердәулет пен Рамазан оқиға орнына барған. Суда баланың денесі қалқып жүргенін көріп, оны жағаға алып шыққан.

Рамазан Аманкелдиев бүлдіршіннің іші ісіп, өзі көгеріп бара жатқанын байқап, тез арада реанимациялық іс-әрекеттерге кіріскен.

Ол шаршаған соң, қасындағы Ердәулет Шыңғысхан әрі қарай көмектескен. Жас баланың ауызынан су шығып, демала бастаған. Өзіне келген бала не болғанын түсінбей жылай бастаған.

Дер кезінде көмекке келіп, алғашқы көмек көрсеткен екі жасөспірімнің арқасында кішкентай бала аман қалды.

Ердәулет Шыңғысхан - №128 жалпы орта мектептің 8-сынып оқушысы, ал оның досы Рамазан Аманкелдиев - 9-сынып оқушысы.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

С. Бөлек