Азия чемпионы жаттығу залында тұрып жатыр

Азия чемпионы жаттығу залында тұрып жатыр
Фото: zakon.kz

Семейде армрестлингтен Азия чемпионы спорт клубының ішінде тұрып жатыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Елу сегіз жастағы Ағабек Әбілқасымов 2013 жылы аттан құлап, көзіне төрт рет операция жасатыпты. Алайда дәрігерлердің әрекетінен нәтиже шықпай, көзі мүлде көрмей қалып, аяқ астынан бірінші топ мүгедегі атаныпты.

"Сол жылдар мен үшін өте ауыр болды. Депрессияға түстім. Екі жыл бойы бөлмеден шықпадым. Кейін Семейдегі көзі көрмейтіндер қоғамының мүшесімен танысып, өмірім өзгерді. Әуелі шахмат пен дойбы ойнап, бұған көңілім қанағаттанбаған соң қалада пауэрлифтингпен тегін айналысуға болатын спорт клубының бар екенін естіп, сол жерге келдім" дейді ол.


Алайда денсаулығына байланысты бұл жерде көп тұрақтай алмай, қол күресіне ауысуды жөн көреді. Төгілген тер далаға кетпей әуелі Қазақстан чемпионатының күміс, кейін Азия чемпионатының күміс және алтын жүлдегері атанады. Қазір ол әлем чемпионатына дайындық үстінде.

"Төрт жыл бұрын жан жарымнан айырылдым. Үйде жалғыз тұру қиын тиіп, Семейден шыға берістегі алыс жолға жүретін көлік жүргізушілеріне арналған жатақхананың бір бөлмесінде тұрдым. Осы жылдың наурыз айында бапкерім, Абай облысының армрестлинг федерациясының президенті Төлеген Сағатаев менің жағдайымды көріп, спорт клубына орналастырды. Әзірге осындамын. Жеке үйім болса деп армандаймын" дейді Азия чемпионы.


Ағабек Әбілқасымов бірінші топ мүгедегі ретінде қаладағы баспана кезегіне қойылған. Бірақ алдында 1300 адам тұрғанын айтады.

"Үй халықтың осал топтарына алты санат бойынша беріледі. Басқасын былай қойғанда Семейде 1500 көп балалы ана баспана кезегін күтіп жүр. Жылына тек 150 жалдамалы пәтер ғана бөлінеді" дейді Семей қалалық мәслихатының депутаты Шолпан Молдағалиева.


Айбын Алтай

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Қ. Әбілдәқызы