"Олқылықтар әлі жойылмады". Павлодар тұрғындары мемлекеттік бағдарламамен салынған үйдің сапасына наразы

"Олқылықтар әлі жойылмады". Павлодар тұрғындары мемлекеттік бағдарламамен салынған үйдің сапасына наразы
Фото: Видеодан алынған кадр

Павлодарда тұрғындар мемлекеттік бағдарлама аясында салынған көпқабатты үйдің сапасына наразы, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "Хабар 24" телеарнасына сілтеме жасап. 

Небары бір жыл бұрын қолданысқа берілген нысанның қабырғалары шытынап, кәріз жүйесінде ақау анықталды.

Мүмкіндігі шектеулі Хауа Сейітова пәтер кезегінде 12 жыл тұрған. Оның айтуынша, көпқабатты үйдің жертөлесі кәріз суына тола берген.

"Өзімнің пәтерімдегі мәселе - судың басуы. Бүкіл үй кәріз суына толып кетті. Толып кеткенде бүкіл үй сасып, көтеріліп кетті. Көршілерім келді, тазалап берді. Екі рет болды", - дейді қала тұрғыны Хауа Сейітова.

108 пәтерлі баспана "Шаңырақ" бағдарламасы бойынша салынды. Коммуналдық жүйедегі ақау көп. Жаңбыр жауса, жертөле суға толады. Оған кәріз суы да қосылады.

Ал суды сыртқа шығаратын арнайы құрылғы істен шыққан. Қызмет көрсетуші ұйым өкілдері суды шелектеп шығаруға мәжбүр. Мамандардың айтуынша, мәселе шешілмесе, үйдің іргетасы шытынап кетуі мүмкін.

"Жертөлеге сырттан келген су жиналады. Кәріз жүйесі де істен шығып, қолаңса иіс жоғары қабаттарға да таралған кездер болды. Шағым түсірген соң, кәріз реттелді. Іргетас үгітіліп жатыр, саңылаулар пайда болды. Оған қоса, жылу тарату құрылғысы дұрыс орнатылмаған. Салдарынан қатты шу үшінші қабатқа дейін естіледі", - дейді қызмет көрсетуші ұйым басшысы Шолпан Такиянова.

Шудың нормативке сәйкестігі бойынша санитарлық сараптама жүргізген. Нәтижесінде норматив талаптардың бұзылғаны дәлелденді. Мамандар мердігер ұйымға ескерту жолдаған.

"Біз ұлттық сараптама орталығы мамандарымен бірге сынақ жүргіздік. Нәтижесінде үшінші қабатқа дейінгі пәтерлерде шу деңгейі нормадан артқаны анықталды. Яғни, шу деңгейі адам денсаулығына зиянды екеніне көз жеткіздік. Олқылықтар әлі күнге дейін жойылмады", - дейді қалалық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының жетекші маманы Мадина Цыдоева.

Шенеуніктер жаңа баспанада күрделі мәселелер жоқ дейді. Әр шағым бойынша тиіс шаралар қолға алынған.

"Шағымдар жиі түседі. Біз тұрғындардың өтініштерін орындаймыз. Мердігер ұйым келісімшарт негізінде әр шағым бойынша жұмыс істейді. Егер бас тартса, сотқа жүгінеміз. Үй мәселесінен хабардармыз. Күрделі ақау жоқ", - дейді қалалық құрылыс бөлімінің сектор меңгерушісі Битөре Әбдіқалықов.

Алайда тұрғындар бұл пікірмен келіспейді. Алдағы уақытта техникалық сараптама жасауға тапсырыс беріп, сотқа шағым түсірмек.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

С. Бөлек