Ақтөбеде автобуспен апатқа ұшыраған балалардың аналары үндеу жолдады

Ақтөбеде автобуспен апатқа ұшыраған балалардың аналары үндеу жолдады
Фото: Видеодан алынған кадр

Ақтөбеде автобуспен жарысқа бара жатып, жол апатына түскен оқушылардың аналары үндеу жолдады. Олар бес айдан бері бірде-бір шенді балалардың жағдайын біліп келмегеніне өкпелі. Сондай-ақ, бірнеше күрделі ота жасалған жеткіншектерді оңалту керек деп талап етіп отыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "КТК" телеарнасына сілтеме жасап. 

Тоғыз оқушы мен олардың бапкері мінген көлік жол апатына былтыр желтоқсанда ұшыраған. Оқиға орнында бір бала қаза тапты. Сегізі түрлі жарақат алды. Бесеуінің жағдайы ауыр болды. Балаларға бүгінде бірнеше ота жасалған. Екеуі үйден оқып жатыр. Екеуіне де денсаулығына байланысты мүгедектік тағайындалған. Енді аяққа тұрып кету үшін ұзақ оңалту шаралары қажет. Негізгі талабы "салаға жауапты шенділер көмегін берсін" дейді. Қазір бұл оқиғаға қатысты көлік тізгіндеген спорт мектебі директорының орынбасарына қатысты сот отырысы жалғасып жатыр. Оған екі баппен айып тағылған.

"Оңалту болғанда, біздің басқарма тарапынан мұндай мәселе қаралмаған. Дегенмен басқа да мектептеріміз бар, облыстағы  спортшылар қауымдастығы бар, соларға үндеу тастап, осындай жағдайда бәріміз қол ұшын берейік. Сонымен қатар, қайырымдылық турнирін ұйымдастырып, түскен қаражатты, азды-көпті болса да, балаларға жәрдем ретінде беру шаралары атқарылып жатыр", - деді Ақтөбе облысы спорт басқармасының бөлім басшысы Айбат Ермекбаев

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

С. Бөлек