Ақтөбелік ұлты орыс ақсақал 300 мақалды жатқа айтып, бата береді

Ақтөбелік ұлты орыс ақсақал 300 мақалды жатқа айтып, бата береді
Фото: Автордан

Ақтөбе облысы Темір ауданы Кеңқияқ ауылында тұратын ұлты орыс Николай Шкапоровты ауылдастары ерекше құрметтейді. Ақсақал қазақша бата беріп, малақ-мәтел айтқанда қатарластарын сүріндіреді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Той-томалақта бата беріп, мақалдап сөйлейтін Николай Ивановичті Кеңқияқ ауылының тұрындары жақсы біледі. Сөзі түзу, ісіне мығым ақсақал ауылдастарының арасында құрметке ие.

"Биыл 77 жасқа толамын. Қазақ тілі ана тілім сияқты. Осы уақытқа дейін тек қазақша сөйлеп келдім. Достарым, жолдастарымның басым бөлігі қазақтар. Мен мақалдап сөйлегенде кейбіреулер таң қалады. Қазір 300-дей мақал-мәтел білемін. Жиын-тойда жастарға бата беремін", - дейді ақсақал.

Николай Шалқар ауданы Көпмола стансасында  туып өскен. Әке-шешесі отызыншы жылдары Ресейдің Орынбор өңірінен қоныс аударыпты. Теміржол саласында жұмыс істеуге келген екі жас Көпмола стансасында тұрақтап қалады. Үш ұл, бес қызды тәрбиелеп өсіреді.

"Ол уақыт соғыстан кейінгі  қиын кезең ғой. Әрі-бері көшудің өзі оңай емес. Сегіз баланы өмірге әкелген ата-анам жылы орынын суытқысы келмей, тұрақтап қалған. Балалық шағым сол шағын стансада өтті. Әке-шешем қазақша білмейді. Ал үйдегі алты бауырым бас қоса қалсақ қазақша сөйлейміз. Кейін 1974 жылы екі апамның шақыруымен Кеңқияққа көшіп келдік. Әскерден келгенен кейін теміржол саласында еңбек еттім. Ал Кеңқияққа келген соң мұнай-газ саласында жұмыс істедім", - дейді Николай ақсақал.

Николай Иванович 300 мақалды жатқа айтады.  

"Қазақша білетін болғасын түрлі жарыстарға қатыстырады. Ондай сайыста көзімнің көктігі үшін орын бермейді ғой, өнерім болуы керек. Содан мақал-мәтелдерді жаттауға кірістім. Алдымен барлық мақалды қағазға жазып алдым. Жұмысқа бара жатқанда қағазыма қарап, жаттап айтып барамын. Содан бір жылдың шамасында 300-дей мақал жаттадым. Өкінішке қарай сол жаттаған мақалым жарыстарда  іске аспады. Бірақ қазір жазған дүниемді тастауға қимай, ұмытпас үшін  апта сайын қайталап айтып жүремін", - дейді ақсақал.

Николай Иванович батаның да түр-түрін біледі. Жолға шыққанда айтатын сақтық бата, той бата, Наурыз батаны бергенде көпшілікті таңдай қақтырады. Бірде 300 адам жиналған тойда Николай ақсақал көпшілікке той батасын беріпті. Риза болған той иесі ақсақалға шапан жауыпты.

"Батаның да өз тәртібі бар. Тойда беретін, жолға шыққанда айтатын бата болады. Менің білгенімді кей қазақтар білмейді", - Николай ақсақал күліп.

Ақсақал қазір білгенін немересі Викторияға үйретеді. Ол да қазақ тілінде мүдірмей сөйлейді. Түрлі жарыстарға қатысып жүлделі орындар алып жүр.

"Мектепке бара жатқанда бос барма, мақал-мәтел жаттап бар" деп айтамын. Және ынталандырып әр жаттаған мақал үшін дивиденд беремін. Ол да еңбекқой", - дейді Николай Иванович.

Ақсақал Валя әжей екеуі бір ұл, екі қыз тәрбиелеп, өсіріпті. Қазір балалары қалада тұрады. Осыдан бес жыл бұрын Валя әжей көз жұмған. Ақсақал содан бері жалғыз өзі тіршілік кешіп жатыр. Жасы сексенге жақындаса да сөзі түзу, ширақ қимылдайтын Николай Иванович қорасында азын-аулақ мал ұстайды. Бау-бақша егеді. Тыным таппайды. Анда-санда балалары келіп тұрады екен.

Кәмшат Сексенбай

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Қ. Әбілдәқызы