ШҚО-дағы ең қарт соғыс ардагері 98 жаста

ШҚО-дағы ең қарт соғыс ардагері 98 жаста
Фото: Автордан

Ресми мәліметке сәйкес өңірде 17 Ұлы Отан соғысының ардагері бар. Солардың ішінде 10-ы Өскеменде тұрады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Анастасия Светочева қазір 98 жаста. Өңірлік коммуникациялар орталығы ақпаратына сүйенсек, Шығыс Қазақстандағы ең егде соғыс ардагері сол. 1922 жылы Күршім ауданына қарасты Буденовка ауылында дүниеге келген. 1942 жылы қызыл әскер қатарына шақырылып, Ленинград қаласында жеке полкте әскери борышын өтеді. Ленинград қоршауын бұзу кезіндегі ұрыстарға қатысқан. Шайқас аяқталып, сол қаладағы монтаждау техникумын тәмамдаған соң туған өлкесінде "Сибсантехмонтаж" ұйымында жұмыс істеді. I дәрежелі Отан соғысы, "Ленинградты қорғағаны үшін" медаліне ие болған. Қазір Өскеменде тұрады.
Облыстағы ең жас соғыс ардагері Михаил Головатюк пен Георгий Шуваев 95 жаста.

Бірі Өскеменде, бірі Риддер қаласында тұрады. Михаил Головатюк 1927 жылы Иркутск облысындағы Кутулин ауылында туған. 1943 жылы 16 жасында «еңбек әскеріне» шақырылып, Иркутсктен Жапонияға дейін теміржол құрылысына араласты. 1944 жылы қан майданға жол тартып, Жапонияға қарсы соғыста 579-ші атқыштар полкінде айқастарға қатысты. Соғыс аяқталып, әскер таратылған соң 1951 жылы Омбыда тұратын әкесінің жанына барды. Сол жақта үйленіп, колхозға шопыр болып жұмысқа тұрды. Ленин атындағы Даңқ Ордені, II дәрежелі Отан соғысы және «Жапонияны жеңгені үшін» медалі, сондай-ақ басқа марапаттарға ие болған.
Георгий Шуваев Алтай аймағындағы Золотуха ауылында өмірге келген. 1944 жылы қызыл әскер қатарына Бийск қаласына шақырылды. Сол жылы мамыр айында Улан-Удэ қаласына Шығыс майданға жіберіледі. Кейін Қиыр Шығыста 2,5 жыл әскери борышын өтеген соң Дағыстандағы танкіге қарсы полк, миномет бөлімшесіне түскен. Болашақ жары Мария Ивановнамен сол жақта танысыпты. "Отан соғысы" Ордені, "Жуков" медалін иеленген.

Асыл Бигелді

(Фотосуретте Анастасия Светочева мен Георгий Шуваев)

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Қ. Әбілдәқызы