"Жауға шапқанда найзасынан от шашқан". Маңғыстаудағы ерекше орындар туристерді қызықтырып отыр

"Жауға шапқанда найзасынан от шашқан". Маңғыстаудағы ерекше орындар туристерді қызықтырып отыр

Маңғыстау облысында Бозжыра шатқалы мен Ақтау қаласының ортасында екі визит орталығы бой көтереді. Жобалар 2023-2024 жылдарға жоспарланған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Кейінгі 2 жылда Маңғыстау облысына саяхаттап келген туристер саны 6 пайызға өскен. 2021 жылы өңірге 29 мың шетелдік келсе, былтыр бұл көрсеткіш 41 мыңға жетті. Шетел азаматтарының көп келуі өңірде жаңа сервис модель құруға және этнобағытты дамытуға мүмкіндік ашқан. Сондықтан туристерге қазақ халқының мәдениеті мен тұрмыс-тіршілігін және гастрономиясын таныту үшін биыл барлық ауданда "Қазақ ауыл" салу жоспарланып отыр. 

Маңғыстау облысында туристер ерекше қызығушылық танытатын 200-ге жуық тарихи-мәдени орын бар. Саяхатшылар көбіне түбектің оңтүстік беткейіндегі "Бекет ата" жерасты медресе-мешіті мен "Бозжыра" шатқалына барады. Кейінгі кездері Таушық ауылының іргесіндегі "Шахта", "Жалбырттың сайы", "Сартас" пен "Шақпақ ата", "Сұлтан үпі" жерасты мешіттеріне келушілер көбейген.

"1941-43 жылдары Таушық ауылы маңында 8 шахта жұмыс істеген. Өндірілген көмір соғыс уақытында "Сартас" теңіз порты арқылы Ресейге жөнелтілген. Ал "Жалбырттың сайы" табиғат қолымен бедерленген тас мүсіндермен ерекше. "Шақпақ ата" жер асты мешіті туралы деректерге сүйенсек, 14 ғасырда Шахмардан есімді әулие кісі өмір сүрген, ол жауға шапқанда найзасынан от шашқандықтан, Шақпақ ата деп атанған екен. Міне, осындай ерекше оқиғалар туристерді қызықтырып отыр", - дейді Маңғыстау облыстық туризм басқармасының басшысы Мәулен Ғабдулқалиев.

Былтыр осы туристік орындарда саяхатшылар көбейген соң Сартас шығанағы аумағында арнайы орталық ашылды. Содан бері мұнда 1000 турист келген.  

"Келушілердің 90 пайызы - шетел азаматтары. Сингапур елінен, Италиядан және Жапониядан келген туристер де бар. Мамырда алдын-ала тапсырыс беріп, орын алып қойғандар көп. Алматы мен Астана қалаларының туристік компанияларымен тығыз жұмыс істеп жатырмыз", - дейді орталық директоры Ербол Байжігітов. 

Айта кетейік, биыл облыста жаңа туристік маршрут іске қосылады. Ол Форт-Шевченко қаласынан Шетпе ауылына дейін Жығылғаннан бастап, Сұлтан үпі, Сартас, Шерқала, Айрақты, Отпан тау және тағы да басқа тарихи орындарды қамтиды. Каспийдің жағасында да құрылыс қарқынды. Жазға дейін бірнеше демалыс орны ашылып, гольф клуб пен виллалар пайдалануға беріледі.

Сая Мәжитқызы

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Massaget.kz