Павлодарда жүзден аса бау-бақша жері жанып кетті

Павлодарда жүзден аса бау-бақша жері жанып кетті

Павлодарда "Явлонка" деп аталатын бау-бақшаның 106 жер учаскесі жанып кетті. Оның 35-і - саяжай. Қалған учаскелер - қараусыз қалған иесіз бақшалардың жері, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Өрт шалған жалпы аумақ 6 гектарға жуықтайды. Алдын ала болжам бойынша, бақшасын тазалауға келген тұрғындар қураған шөптерді жаққан. Қатты жел екпінімен шоқ ұшып, сол аумақты өртке ораған.

Тұрғындарға желді күндері от жақпауға кеңес берілді. Қазір өрттен келген шығынды есептеу үшін арнайы комиссия құрылды. Тілсіз жаудың тұтануына себепкер болғандарға да шара қолданылады.

"Павлодар қаласы аумағында өрт қауіпті кезеңі басталғалы бау-бақшалар мен саяжайларда өрт саны көбейе түсті. Тек бір аптаның ішінде бес бау-бақшаның аумағында ірі өрт болды. Кешегі өртті сөндіруге азаматтық қорғау органдарының 152 қызметкері, 35 техникасы жұмылдырылды. Өрттің басты себебі - адамдардың от жаққан кезде абайсыз болуы. Олар қоқысты, құрғақ шөпті және қамысты өртеген кезде өрт қауіпсіздігі ережесін сақтамайды. Саяжайды өртеген адам іздестіріліп жатыр", - дейді Павлодар қалалық төтенше жағдайлар басқармасының бас маманы Арман Арын.

Алты гектар аумаққа жайылған өртті құтқарушылар үш сағатқа жуық уақытта сөндірді. Сондай-ақ, кеше Алғабас ауылдық округында жалпы аумағы 47 гектар жердің шөбі мен қамысы өртенді.

Е.Базарқұл

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Massaget.kz