Екі мыңға жуық адам алданған. Шымкентте қаржылық пирамидаға қатысты соттың созылғанына үш жылдан асқан

Екі мыңға жуық адам алданған. Шымкентте қаржылық пирамидаға қатысты соттың созылғанына үш жылдан асқан
Фото: Автордан

"Гарант-24-ке" алданған 50-ге жуық шымкенттік сотқа жиналды. Олардың үшінші мегаполистегі сот табалдырығын тоздырып жүргеніне 3,5 жылдан асқан. Алайда, шешілген ештеңе жоқ дейді шағымданушылар, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

"Осы "Гарант-24" кесірінен менің сыныптасым салған 10 миллион теңгесін қайтара алмай қайтыс болып кетті. Екеуміз бірге даулап жүрген едік. Көз алдымда құлап, жедел-жәрдеммен алып кетіп, сосын есін жимай кетті. Кей отбасылар да ажырасып жатыр. Балалар жетім қалды. Бәрі де бізді алдап соққан "Гарант 24" деген алаяқтардың кесірінен. Өзім 3 миллион теңге салғам. Кредитін әлі төлеп жатырмын. Үйге бір тиын пайдам жоқ. Келінге де, балаға да жексұрын болып біттім" - дейді жәбірленушілердің бірі Әлпайым Жүнісова.

Жәбірленушілердің айтуынша, Шымкент бойынша қаржылық пирамидаға 2 мыңға жуық адам алданған. Ең азы 1 миллион теңге берсе, ең көбі 62 миллион теңге тапсырған. Енді бұл соманы қайтармақ түгілі бізді жәбірленушілердің тізімнен қысқартып жатыр дейді жиналғандар.

"Бірінші сот болды. Бірінші істе 900 адам болды тізімде. Екінші бөлектетілген істе 270 адам болды. Соның ішінде нақты өзім жоқпын. Көп адамдарды осылай алып тастаған. Менің талабым ақшаны тезірек қайтарып берсін. Бір өзім 8 миллион 790 мың теңге бергем. Несиені әлі екі жыл төлеуім керек", - дейді жәбірленуші Кенжеайым Сейітметова.

Айта кетейік, Қазақстан бойынша 13 аймақтың тұрғынын алдады деген қаржылық пирамида ісі қазір Ақтөбеде қаралып жатыр. Үкімі 5 қыркүйекте шыққан даулы іс аппеляцияға беріліп, 8 айдан бері сот процесі жалғасуда.

"Іс бойынша 48 адам сотталушы. 17 мың 268 адам жәбірленуші болып табылады. Қылмыстық іс 3786 томнан тұрады. Іс көлеміне байланысты аталған қылмыстық іс 2023 жылдың 31 қаңтарынан бастап қазіргі уақытқа дейін аппеляциялық тәртіпте Ақтөбе облыстық сотында қаралуда" - дейді Ақтөбе облыстық сот ақпараттық бөлімінің басшысы Айжамал Сүндетова.

Жәбірленушілер саны қысқаруы мүмкін емес деген сот өкілдері аппеляцияның жуық арада аяқталмайтынын айтты.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Қ. Әбілдәқызы