Абай өлеңдерін жатқа оқитын кореялық жұртты таңғалдырып жүр

Абай өлеңдерін жатқа оқитын кореялық жұртты таңғалдырып жүр
Фото: Видеодан алынған кадр

Шымкенттік тұрғын Тимур Пак есімді кореялық ер адам ақын Абайдың өлеңдерін жатқа оқиды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "Қазақстан" телеарнасына сілтеме жасап. 

Тимур Абай өлеңдеріне мектептен қызыға басталған. Ұстаздарының арқасында ұлы ойшылдың өлеңдерін жаттап, қара сөздеріне қанып өскен. Ол ұлы ақынның қай шығармасын сұрасаң да мүдірмей айтады. Соның арқасында бірнеше рет Абай оқуларына қатысып, жүлдегер де атанды.

"Абай Құнанбаевтың өлеңін оқығанда іштей рухым көтеріледі. Өзімді мықты сезініп, шабытым ашылады. Сондай әсер болады", - дейді ол. 

Ол бүгінде Шымкенттегі мектептердің бірінде ұстаздық етеді. Мыңнан аса бала оқитын білім ұясы - таза қазақ тіліндегі оқу ордасы. Мемлекеттік тілді жетік меңгерген Тимурға әріптестері де таңданысын жасырмайды.

"Оны біз кейде корей ұлтының өкілі екенін де ұмытып кетеміз. Өйткені қазақтың салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын қазақтың өзінен артық біледі", - дейді мектеп директорының орынбасары Нұрсұлу Байқонысова.

Тимур Түркістан облысы Мақтаарал ауданында туып өскен. Оның атасы мен әжесі қуғын-сүргін жылдары осы аймақты паналап, көшіп келген екен. Анасы - қазақтың қызы. Көпбалалы отбасы бүгінде екі ұлттың да салт-дәстүрін тең ұстанады.

"Көп байқаймын. Қазақ пен кореялықтардың салт дәстүрі бір-біріне жақын. Үлкенді сыйлауы. Бізде де үлкендерді қатты құрметтейді", - дейді ол. 

Тимур қазақ еліне - күйеу. Бүгінде келіншегімен 4 перзент өсіріп отыр. Оларға Әсима, Әмір, Арсен, Ариф деген қазақы есім берген. Олар да ата-анасы секілді қазақ мектебінде білім алып жатыр.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

С. Бөлек