ШҚО-да 71 жастағы қарт тауға өрмелеп жүр

ШҚО-да 71 жастағы қарт тауға өрмелеп жүр

Өңірдегі Сағыр ауылында Халық Қаһарманы Қасым Қайсеновтің 105 жылдығына орай облыс пен республиканың әр түкпірінен келген меймандар Қызылтас тауына шықты. Қатысушылар арасында кәсіби альпинистер де болды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.


Қарақұрым адамның топырлап тауға шығуы сырт көзге таңданыс туғыза қоймас. Бірақ келерде мұқият әзірлік жүргізіп, мүк пен қарға сүрініп үлгерген біразы кез келген адамның межені орындай алмасын бірден ұғынды.
Аудан азаматы Думанай Мусиннің сөзінше, Ұлан өлкесінің саяхаттауға таптырмас жерлері көп, бұл тек бастамасы. Онымен қоса 200-ден астам адамның бір мезетте тауға шығуы тарихи туризмді дамытуға сеп. Өңірге белгілі ресторатор Мұхтар Тойбазаровтың сөзінше, Сағыр ауылына облысқа танымал альпинистер де келді.
Қатысушылар рет-ретімен 10 межені бағындырулары тиіс еді. Жол қысқартамын деген бірнешеуі қалың аршаға шалынып, бір-екеуі төменге сырғып кете жаздады. Дегенмен иін тірескен көпшілік бір-бірлеріне қарайласып жүрді. 200 адамның ішінде жасы да, қарты да бар.

Табиғат аясына жиі шығып жүргендері Қызылтастың шыңына шыққан соң, тастарға отырып, өздерімен ала келген ас-суын ішті. Көбі шөлдеп қалған.
Аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Нұрхат Садықовтың айтуынша, көпшілік шыққан таудың биіктігі – теңіз деңгейінен 840 метр. Туризмді дамытуға зор үлес қосып жүрген Николай Ларионов Қызылтастың биігінен ағатын кварцқа тоқталды. Құрамында бағалы металлдар болады деді. Кварцтің өзі еріген тастан кейін қатқан су. Төменге турасынан ағып, аппақ із қалдырыпты.


"Өңірдегі әсем табиғатты әлі де көп адам білмей жатыр. Бурабай десе, Іле Алатауы десе туристердің білмей қалуы екіталай. Біздің мақсат – Қазақстанда, оның ішінде Шығыс өлкесінде Сібе көлі, Ақ бауыр деген тамаша жерлер барын жеткізу", – деді ол.


Әлденіп, суретке түсіп болған 200-ден астам адам қайта төменге түсті. Ересектерге еріп, қатардан қалмаған ең кішкентай қатысушы – жеті жастағы Арыстан есімді балақай. Екі жылдан бері "Эверест" клубында биікке шығып дағдыланып жүр. Анасы Ардақ Бейсекинаның сөзінше, табиғат аясына жиі саяхаттап тұрады.

"Бұл жолы бапкерімен еріп баруға өзі ниет білдірді. Содан сапары сәтті шығу үшін біз де жолға қамдандық. Бірақ тауға өз бетінше шығып, өз күшімен түсті. Қолы тигенде шахмат, каратэмен де шұғылданады. Өзім өмірімде биік шыңға алғаш рет шықтым. Балам барам демесе, тамаша шарадан құр қалатын едік", – деді Арыстанның анасы.


Қысқасы, Қызылтастың етегіне жиналғандардың көбі табиғат аясына, тау-тастың биігіне жиі шығып жүргендер. Бірлесе қимылдағаннан болар, шаршап-шалдыққан жан байқалмады. Тіпті, ең қарт қатысушы Екатерина Ткач Ұлан ауданындағы көрікті жерлерден бейхабар екенін айтып, сәті түссе жиі келетінін айтты. Өзінің 71 жасында тау басында қалың топтың бел ортасында жүріп жеткен.


Асыл Бигелді

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Қ. Әбілдәқызы