Атырауда КамАЗ жүргізушілері наразылық білдірді

Атырауда КамАЗ жүргізушілері наразылық білдірді
Фото: freepik

Атырауда КамАЗ жүргізушілері екінші күн қатарынан наразылық білдіріп жатыр. Алайда әзірге өңірдегі жанар-жағармай бекеттеріндегі дизель отыны бағасы өзгеріссіз, қымбат күйінде сатылып жатыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Қала сыртындағы "Аламан" базары маңына жиналған 50-ге жуық ереуілшінің ​талабы - дизель отынының бағасын түсіру.

КамАЗ жүргізушілерінің айтуынша, кейінгі он күнде Атырауда дизель отыны күрт қымбаттап кеткен.

"Бұған дейін литрін 230 теңгеден құйдырып жүрген дизель литріне 295 теңгеге дейін қымбаттап кетті. Бұл сұмдық қой. Атырауды әшейінде "мұнайлы астана" деп мақтанамыз. Бірақ мұнайдың үстінде отырып, бензин мен дизельге мынадай қымбатшылық болуы - қате. Біз КамАЗ арқылы күн көріп, отбасын асырап отырған адамдармыз", - дейді ереуілшілер.

Ереуілге қатысушыларға Атырау қалалық әкімдігі, прокуратура өкілдері барып, түсінік жұмыстарын жүргізді.

Айта кетейік, қазір Атырау дизель құны шарықтаған облыстардың үштігін бастап тұр. Сарапшылар Атырауда баға бір жылда бірден 44,8 пайызға өскенін айтып отыр. Кейінгі орындарда Солтүстік Қазақстан (39,1 пайыз) және Шығыс Қазақстан (37 пайыз) облыстары тұр.

Еске салайық, бұған дейін Түркістан облысындағы жүргізушілер дизель мен газға тапшылық барын айтып, наразылық білдіргені хабарланған болатын. 

Баян Жанұзақова

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Massaget.kz