Ақтөбе облысында тұтас бір ауыл он күннен бері майшаммен отыр

Ақтөбе облысында тұтас бір ауыл он күннен бері майшаммен отыр

Ақтөбе облысы Шеңбертал ауылының тұрғындары бір аптадан бері жарықсыз отыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Шеңбертал ауылында 16 сәуірде жарық өшкен. Сол күні мұнда ауа райы күрт нашарлап, дауыл соққан. Салдарынан тұтас ауылда электр жарығы өшіпті. Ауыл тұрғыны Думан Ызашев редакцияға хабарласып, жағдайды айтты.

"Бір аптадан бері ауылда жарық жоқ. Шам жағып отырмыз. Ұялы байланыс, телефон желілері істемейді. Қаладағы ағайынмен хабарласу үшін 90 шақырым жердегі Ырғызға бару керек. Электр жарығы болмаған соң үйге келіп тұрған ауызсу да тоқтап қалды. Қазір құдықтан ішіп отырмыз. Әкімдіктегілер жарықты қосамыз дегеніне бір аптадан асты. Халық не істерін білмей отыр", - деді ауыл азаматы.

Оқырмандар жолдаған сурет

Мәсленің анық-қанығын білу үшін аудан әкімі Нұрлан Қызбергеновке хабарластық. Оның айтуынша, 16 сәуірде қатты дауыл салдарынан тек Шеңбертал ауылы емес Ырғыз ауданының орталығы мен бірнеше ауыл жарықсыз қалған. Аудан орталығына ғана жарық бір тәулік ішінде берілген. Қалған ауылдардағы бұл мәселе біртіндеп шешіліп жатыр екен. Мәселен, Қызылжар ауылдық округінің орталығына жарық бір тәулікте берілген. Алайда су алатын резервуарға электр энергиясын беретін 54 бөрене құлаған.

"Бұл аз емес. Соған қарамастан тығырықтан шығудың жолын қарастырдық. Ауылдағы 300 шаршы метр куб резервуардағы суды ауылға бөліп-бөліп беріп жатырмыз. Себебі суды үнемдеу керек. Бүгін ғана қаржы тауып, қосымша генератор сатып алдық. Түсқайта қосылады. Сондай-ақ, Ақши ауылындағы 33 бөрене қалпына келтірілді. Бүгін кешке дейін Жаныс би ауылына жарық беріледі. Бұл маңда 154 бөрене құлаған. Мұны бірден қалыпа келтіруге күшіміз келмейді. Сондықтан газ желісі арқылы электр жарығын беруді қарастырдық. Ал Шеңбертал ауылына баратын жолда 18 бөрене құлады. Осыларды түзетеді. Ауылға үлгерсек сейсенбіде кешке, болмаса сәрсенбіде жарық беріледі", - деді аудан әкімі.

Нұрлан Қызбергенов Шеңбертал ауылындағы су мәселесі әзірге шешілмейтінін айтты. Себебі нысан толық қабылданбаған.

"Көлсай" деген мердігер мекеме толық жұмыс істемеуіне байланысты, оларға су бере алмай отырмыз. Біз бұл жөнінде республикалық су комитетіне хабарладық. Мамандар келіп көрді. Бұл мәселені су комитеті шешеді. Шеңберталда әр үйде құдық бар. Халық ауызсумен қамтылған", - деді аудан әкімі.

Кәмшат Сексенбай

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова