Қара бетперде киген жігіт мүгедек балалары бар жалғызбасты анаға пәтер сыйлады

Қара бетперде киген жігіт мүгедек балалары бар жалғызбасты анаға пәтер сыйлады

Екі баласы мүгедек жалғызбасты атыраулық әйел күтпеген жерден сыйлыққа ие болды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Атырауда тұратын мүгедек балалары бар жалғызбасты анаға қара бетперде таққан жігіт пәтер сыйлады. Бұл туралы қайырымды жігіт әлеуметтік желідегі парақшасына жариялап, видеосын көрсетті.

Оның айтуынша, Атырауда тұратын Эльмираның үш баласы бар. Оның екеуі медициналық есепте тұр. 18 жастағы ұлы туа бітті мүгедек болса, 14 жастағы қызы ауыр науқасқа шалдыққан. Өкпесі мен жүрегін ауыстыру қажет. Оның қызы кейінгі бес жылда тыныс алу аппараты ақылы ғана өмір сүріп жатыр. Мұндай күрделі ағза ауыстыру отасын тек шетелдік ауруханаларда жасайды. Тағдырдың тауқыметіне мойымаған ана екі-үш ай сайын екі баласын емге Астанаға алып келеді. Өздері Атырауда жер үйде тұрады. Балаларының денсаулығына алаңдаған ана қайырымды жігітке жағдайын айтып, хат жазған.

Қара бетперде киген жігіт бұл жағдайға бей-жай қарай алмапты. Алғаш барған кезде тыныс алу аппараты мен Меккеге қажылыққа сертификат сыйлаған. Сол кезде жасөспірім "өз үйіміз болса" деген арманын айтыпты.

"Өзімнің үйім болғанын, ас бөлмесі, жуынатын бөлме болғанын қалаймын. Жуынатын бөлмеміз болс,а ағамды қиналмай жуындырар едік", - дейді ол.

Қайырымды жігіт баланың арманын орындап, тосын сый жасады. Яғни пәтер кілтін тапсырды. Кілтті көрген балалар мен анасы қуаныштан көз жасына ерік берді.

"Астана қаласынан ішіндегі жиһазымен екі бөлмелі пәтер сыйладық. Қазір олар Атыраудан көшіп жатыр. Балалардың мектеп мәселесін шешңп жатыр", - дейді қара бетперде киген жігіт.

Жұмбақ жігіт осы қуанышты сәттің видеосын әлеуметтік желіге жариялады. Бұл көрініс көпшіліктің жүрегін елжіретті. Бірі осы көрініске еріксіз жылағанын айтса, енді бірі бетперде таққан жігітке алғысын жаудырған. Тіпті бірі жұмбақ жігіттің Димашқа ұқсайтынын да айтыпты. Пікір жазғандардың барлығы қайырымды жігітке шексіз ризашылығын білдірген.

Құпия жігіт бұл жолы да өзінің кім екенін айтудан бас тартты. Өзі туралы көпшіліктің білмегенін қалайды.

Айта кетейік, қара бетперде таққан жігіт бұған дейін қатерлі ісікке шалдыққан баланың арманын орындап, тіпті Африкадағы балақайларды да қуантқан болатын.

Кәмшат Сексенбай

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Қ. Әбілдәқызы