Шымкентте аудан әкімінің орынбасары аса ірі мөлшерде пара алды деген күдікпен ұсталды

Шымкентте аудан әкімінің орынбасары аса ірі мөлшерде пара алды деген күдікпен ұсталды
Фото: ugranow.ru

Шымкент бойынша cыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі қалалық аудан әкімінің орынбасары мен әкімдіктің бас маманына қатысты сотқа дейінгі тергеу жүргізіп жатыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Шымкент бойынша департаментінің басшысы Дәурен Ерғарин Facebook-те хабарлады.

"Олар адамдар тобының алдын ала сөз байласуы арқылы мегаполисті абаттандыру жөніндегі мемлекеттік сатып алу келісім шартын орындау кезінде кәсіпкерден 60 миллион теңге мөлшерінде пара алды деген күдікке ілінді", - делінген хабарламада.

Шымкент сотының санкциясымен әкімнің орынбасары 2 ай мерзімге қамауға алынды. Тергеу жалғасып жатыр.

"Өзге ақпарат жария етуге жатпайды. Сонымен бірге Конституцияның 77-бабы 3-тармағының 1-тармақшасына және қылмыстық-процестік кодексінің 19-бабы 1-бөлігіне сәйкес, қылмыстық құқық бұзушылық жасаудағы кінәсі соттың заңды күшіне енген үкімімен белгіленгенге дейін әрқайсысы кінәсіз болып саналады", - делінген хабарламада.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

М. Лұқпан