Атыраулық жас өнертапқыштар тұрмыстық қалдықтарға арналған "ақылды жәшік" жасап шығарды

Атыраулық жас өнертапқыштар тұрмыстық қалдықтарға арналған "ақылды жәшік" жасап шығарды

"Абай орталығы жанындағы JasSpace кеңістігінің оқушылары тұрмыстық қалдықтарға арналған "ақылды жәшік" жасады", - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Ғажайып қорапты Атыраудағы ең ірі STEAM орталығында қосымша білім алып жүрген "Инженерияға кіріспе" курсының оқушылары жасап шығарды. Оқушылар бұл жобаны жасауға бір айдан астам уақыт жұмсаған.

"Жәшік сенсорлық экранмен, арнайы датчиктермен жабдықталған. Белгілі бір қашықтықта тұрып, қолыңызды сенсорға бағыттап сермеу арқылы ​ жәшік қақпағын автоматты түрде ашуға болады. Мысалы, егер бөтелкені жәшікке тастағыңыз келсе, қолыңызды сермеу арқылы, жәшіктің қақпағын автоматты түрде аша аласыз. Бұл жәшік мүмкіндігі шектеулі адамдар үшін ыңғайлы құрал бола алады" дейді оқушы Наргиз Құспан.

"Инженерияға кіріспе" курсының тренері Диана Сырымованың айтуынша, жоба оқушылардың командалық жұмысының нәтижесі.

"Жобада Наргиз Құспанмен бірге, Әділ Аманатұлы мен Амина Құспан да жұмыс істеді. "Ақылды қоқыс жәшігі" - бұл біздің өмірімізді және қоршаған ортаны жақсарту үшін технологияны қалай тиімді қолдануға болатындығының мысалы. Жәшік қоқысты азайтуға көмектеседі және оны шығару процесін жеңілдетеді. Осындай жобалар арқылы біз экологиялық таза орта құра аламыз", - дейді курсы тренері Диана Сырымова.

Еске сала кетейік, жазғы мектеп, шеберлік сыныптарын және ұзақ мерзімді 16 курсты қоса алғанда, JasSpace ашылғалы бері STEAM орталығында 4420 оқушы тегін білім алып шықты.

Баян Жанұзақова

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Қ. Әбілдәқызы