ШҚО-ның бірнеше ауылында жауған қардың қалыңдығы бір метрден асады

ШҚО-ның бірнеше ауылында жауған қардың қалыңдығы бір метрден асады

Күршім ауданының тұрғындары түсірген бейнежазбалар әлеуметтік желілерде тарады. Олардың сөзінше, кейбір ауылдардағы қар қыстан бері ерімеген, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

12 сәуірде Ұрынқай ауылында ақ түтек боран болып, елдімекеннен шығатын жолдар тегіс жабылған. Бейнежазба авторының сөзінше, алдағы 2-3 метрдегі зат көрінбейтіндей қар тоқтаусыз жауған. Қар әлі сөгілмеген Ақжайлау ауылында да бірнеше күн боран ұйтқып, жұрт омбылап әрең жүрді. Тек 13 сәуірде күн ашылыпты. Дегенмен қардың көбесі сөгілер емес.

"Бүгін күн ашық. Бірақ ғаламторда алдағы күндері де қар жауады деп жазылды. Таулы жерлердегі қар қалыңдығы бір метрден асады. Бізде көктемнің иісі білінбейді. Биыл келмейтін сияқты", - деді видеоны бөліскен Марқакөл орман шаруашылығының инженері.

Ақжайлау ауылының тұрғыны Қинаят Жұртбаев сәуірдің ортасы болса да ауылдастарға қардан аяқ алып жүру мүмкін емес екенін айтты.

Синоптиктер Марқакөл көлінің жағасындағы Ұрынқай ауылы мен таулардың ортасында орналасқан Ақжайлау елдімекенінде алдағы бірнеше күнде ауа райы құбылатынын жеткізді.

Асыл Бигелді

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Қ. Әбілдәқызы