Қаңтар оқиғасында баласынан айырылған шымкенттіктер әкімдіктен өтемақы мен баспана талап етті

Қаңтар оқиғасында баласынан айырылған шымкенттіктер әкімдіктен өтемақы мен баспана талап етті

Шымкенттегі Қаңтар оқиғасында баласы опат болған тұрғындар талап-тілектерімен қала әкімдігіне барды. 15 шақты ата-ана қала басшысы Мұрат Әйтеновтің өзімен жүздесуге жиналған. Қолдарына марқұм перзенттерінің суретін құшақтаған азаматтар әкімнен баспана мен бір реттік төлем талап етті. "Түркістан сарайындағы" Мұрат Әйтеновтің қабылдауына келген оларды әуелі орынбасары, прокурор орынбасары және полиция департаментінің басшысы қабылдады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Қабылдауға келген өзге тұрғындарды жауаптылар басқа ғимаратта қабылдаса, Қаңтар оқиғасында қайтыс болғандардың жақындарын "Көрме" орталығына әкелді.

Алайда шенеуніктер баспана мәселесін шеше алмаймыз деген соң марқұмдардың жақындары тағы да шу шығарды. Осыдан кейін келген қала әкімі Мұрат Әйтенов жиналғандарға уақыт беруді сұрап, уәде етті.

"Нағыз баспанасы жоқ адамдар болса, тауып береміз. Әртүрлі жолы бар. Біреудің кредитін жабамыз, екіншісін мемлекеттік жұмысқа тұрғызу жолын қарастырамыз. 5 миллион теңге туралы... Алматыны қарап шығамыз. Егер сәйкес болса, оны да қарап шығамыз. Әзірше баспана, оған да маған бір ай уақыт беріңіздер. Баспанасы бар болғандарға мүмкіндік аздау. Баспанасы жоқ адамдарға атсалысамыз", - деді Шымкент әкімі Мұрат Әйтенов. 

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

М. Лұқпан