"Картада жоқ". Небәрі 12 үй қалған ауыл халқы жолды жөндеп беруді сұрады

"Картада жоқ". Небәрі 12 үй қалған ауыл халқы жолды жөндеп беруді сұрады
Фото: сюжет кадры

Жетісу облысының Ақсу ауданына қарасты Ақтөбе ауылының тұрғындары жергілікті атқарушы билік өкілдерінен жол қатынасын жақсартуды сұрап отыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "Хабар 24" телеарнасына сілтеме жасап.  

Ақтөбе Ақсу ауданына қарайтын ең шеткі ауылдардың бірі. Телеарна мәліметінше, көктемде елді мекенге апаратын жолдың біраз бөлігін қарғын су шайып кеткен.

Ақсу өзенінің үстінен салынған көпір де әбден ескіріп, тозығы жеткен. Осы күні небәрі 12 үй қалған Ақтөбе ауылындағы бастауыш мектепте қазір 5-ақ бала оқып жатыр.

"Қыста шыны керек біз бұл жерге келе алмаймыз. Себебі жол жаман. Тайғанақ. Біз мына етегіне дейін келеміз де, Ақсуға дейін, ар жағынан өздері алып келеді. Атпен алып келеді. Немесе мынандай УАЗ машиналармен алып келеді", - дейді ауылдық дәрігерлік амбулаторияның фельдшері Қаламқас Байтоқымова. 

Ал Ақсу өзенінің үстімен өтетін көпір 1969 жылы салыныпты. Содан бері бірде-бір рет жөндеу көрмеген. Оның үстімен ауыр техника өте алмайды. Сол себепті мектепті жылытуға бөлінетін көмірді шопырлар өзеннің жағасына төгіп кетеді. Оны тұрғындар ауылға атшанамен тасып алады.

"Жол ғой енді керегі. Жолымыз жақсы болып, көпірімізді жақсылап жасап берсе, әлі де жастар келейін деп отыр бұл маңайға, ауылға. Өйткені бұл жерде шаруа қожалық жерлері қалды олардың. Амалсыздан кетіп отыр ол кісілердің бәрі. Енді осыған көптеп көмек берсе бізге", - дейді ауыл тұрғыны Раиса Әбсеметқызы.

Ақтөбе ауылына апаратын жол әлі күнге дейін картаға түспепті. Ал картада жоқ жолды жөндеуге бюджеттен қаржы бөлінбейді.  

"Бес шаруа қожалықтың жерімен өтеді жеріміз. Жерге орналастыру жобасын жасап, мемлекеттік актісін алып алсақ, әйтпесе қазіргі таңда құжатсыз, ештеңеге заңсыз ақша бөлінбейді", - дейді Суықсай ауылдық округінің әкімі Қуаныш Қоңыров. 

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

С. Сатыбалдина