Жамбыл облысында пышақталған ауыл әкімі 5 күннен кейін ауруханадан шығуы мүмкін

Жамбыл облысында пышақталған ауыл әкімі 5 күннен кейін ауруханадан шығуы мүмкін
Фото: видеодан алынған кадр

Жамбыл облысында пышақталған ауыл әкімінің беті бері қарады. Дәрігерлердің сөзінше, 46 жастағы шенеуніктің өміріне қауіп жоқ, сол себепті 5 күннен кейін ауруханадан шығуы мүмкін, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі КТК телеарнасына сілтеме жасап.

"Ішінен пышақталып жарақат алған. Науқасқа жедел ота жасалған. Отадан кейінгі диагнозы -  ұйқы безі басының жарақаты. Ота сәтті өтті. Қазір оның жағдайы қанағаттанарлық", - деді Меркі ауданы ауруханасының бөлім меңгерушісі Алмас Парманқұлов.

Еске салайық, 2023 жылғы 24 наурызда Жамбыл облысы Меркі ауданы Ойтал ауылының әкімін пышақтап кетті.  Оған дереу ота жасалған, екі күннен кейін есін жиған, бүгін науқас жалпы палатаға ауыстырылыпты.

Әкімді пышақтаған ауыл тұрғыны екен, бірақ оның неліктен мұны істегені белгісіз. Полицейлер 42 жастағы күдіктінің мас болғанын айтты. Сонымен бірге ол 2013 жылға дейін психдиспансерде тіркеуде тұрған. Қазір күдіктіге қатысты іс қозғалып, тергеу жүріп жатыр.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

М. Лұқпан