Несие алып беруін сұраған: танымал блогер алаяқтық жасады деген күдікке ілінді

Несие алып беруін сұраған: танымал блогер алаяқтық жасады деген күдікке ілінді
Фото: "Астана" телеарнасы

Павлодарда танымал блогер алаяқтық жасады деген күдікке ілінді. Ол өзін ресейлік салық инспекторы ретінде таныстырып, ведомство тапсырмасы бойынша белгілі қазақстандық банкті тексеретінін айтқан. "Тексеру" деп аталатын нәрсе үшін оқиға құрбандары оған несие алып берген, ал оларға сол үшін жалақы төленетіні айтылған, - деп хабарлайды "Астана" телеарнасы.

Павлодар тұрғындары белгілі блогерді Желі жұлдызы ретінде ғана білмеген. Ол кітап авторы және фотограф ретінде де танымал. Оның беделі мінсіз болған. Бұл оған деген құрбандарының сенімін арттырған. Телеарна мәліметінше, жәбірленушілердің бірі көрсеткен жазбада ол оқырманына күрделі схема бойынша ақша табуды ұсынған.

"Омбыдағы федералды салық басқармасында жұмыс істеймін. Маған "банкті тексер" деген тапсырма берілді. Барлығы өте оңай. 300-ге несие қолма-қол беріледі. Сіз маған барлық чекті жібересіз, үш аптадан кейін несие төленеді және сізге көмектескеніңіз үшін 150 мың жалақы төленеді. Мен қолхат беремін", - делінген онда.

Алдымен блогер бұл схемасына таныстарын тартқан, содан кейін өзінің парақшасында табыс табу туралы хабарландыру жариялай бастаған. Оқырмандары оған сенген. Олар оған бірнеше рет несие алған. Басында бәрі ойдағыдай өткен: несиелер өтеліп, жалақы төленген. Ал төлемдер кешіктірілгенде, блогер түрлі сылтау ойлап тапқан немесе құрбандарын бұғаттап тастаған.

"Қалай ғана Надя алдады деп ойлаймын, ол - сондай танымал адам. Содан кейін ол адам әкелсем, маған тағы 100 мың бонус беретінін айтты. Қасымда тағы екі адам осылай зардап шекті. Ол мені бұғаттап тастады және ай сайынғы несиелер төленбеді. Осы уақытқа дейін ол несиені жаппады", - дейді жәбірленуші.

Іс материалдарына сәйкес, бұл әрекетін ол Ресей Федерациясында да жүргізген. Схема ұқсас болған.

"Қазір 14 жәбірленуші анықталды. Ол келтірген залал сомасы бес миллион теңгеден асады. Алаяқтық дерегі бойынша Қылмыстық кодекстің 190-бабы бойынша тергеу жүргізіліп жатыр. Күдіктіге қатысты кетпеу туралы жазбаша түріндегі бұлтартпау шарасы таңдалды", - деді Павлодар қаласы ПБ оңтүстік полиция бөлімінің тергеу бөлімшесінің тергеушісі Мирлан Тыныбаев.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова