Қарағандыда жөндеуден өткен жерасты өткелдерінен су сорғалап тұр

Қарағандыда жөндеуден өткен жерасты өткелдерінен су сорғалап тұр

Қарағандыда жөнделгеніне көп уақыт өтпеген жерасты өткелінің төбесінен су ағып, атқарылған жұмыстан ақау шығып тұр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Қарағандыдағы жерасты өткелдері ұзақ жыл ішінде алғаш рет күрделі жөндеуден өткен. Мердігерлер бәрін жаңалаған, ал қала тұрғындар оның аяқталуын асыға күткен еді. Дегенмен жөндеу жұмыстары белгіленген мерзімінен кешіктірілді. Жоспар бойынша орнатылуы қажет болған электркөтергіштер әлі де жоқ. Бірақ халықтың бұл жолғы наразылығы төбеден аққан суға байланысты туындап отыр.

"Жер асты өткелінің төбесінен жиі су кетеді. Нөсер жүйесі құбырларында жиналған су адамдарға құйылып жатыр. Бұл жердің төбесін сылау жұмыстары жүргізіліпті. Ол мәселені толық шешпейді. Осыны барынша қолға алса деймін", - дейді қала тұрғыны Виктория Литвинова.

Бұл жайтқа қатысты аудандық әкімдіктің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және тіршілікті қамтамасыз ету бөлімі өкілі, расында да, тұрғындар тарапынан түскен шағым бар екенін айтты. Олар "Абзал" сауда үйі маңындағы жерасты өткелі үстінде коммуникация тартылғанын, сондықтан еріген қар осы жағдайға әсер еткенін жеткізді.

"Өткелдің үстіңгі жағында гүлзар бар, онда қар жиналып қалған. Ол еріп, су сол жерден кете бастаған. Қарды тазаладық, су тоқтады", - деді Қазыбек би атындағы аудан әкімдігінің ТКШ және тіршілікті қамтамасыз ету бөлімінің басшысы Асылбек Жұмақаев.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова