Ақтауда үш баласын өлтірген ер адам туралы тың дерек шықты

Ақтауда үш баласын өлтірген ер адам туралы тың дерек шықты
Фото: polisia.kz

Ақтауда үш баласын өлтірген ер адамға қатысты тың дерек шықты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Бұл туралы жақында сайланған мәслихат депутаты және "Маңғыстау-Медиа" медиахолдингінің директоры Гүлмира Әбішева Instagram-парақшасында жазды. 

"Танитындар өзге ағымның жетегінде кеткен жігіт деп жазыпты. Ислам дінінде адам тұрмақ, құмырсқаға қиянат жасауға болмайды. Осы орайда білім және құқық қорғау органдары бас болып, қоғамдық ұйымдар қосшы болып бірлесіп, өзге ағымдағы азаматтардың тізімін жасақтап, балаларын қадағалаған жөн-ау. Балалардан сауалнама алып, бақылауды қолға алса деген ұсынысым бар. Қалай болғанда да, балалардың тағдырына ата-ана жауапты. Әсіресе ана! Әйелдер мықты болуымыз керек. Отбасындағы зорлық-зомбылықтың ұшқыны пайда болған кезде дабыл қақсақ, мүмкін қайғылы жағдайлардың алдын алармыз", - деп жазды Әбішева. 

Оның сөзінше, бейресми деректер бойынша, ерлі-зайыптылар ажырасып кеткен. Әкесі демалыста балаларын өз үйіне алып кеткен екен.

Еске салайық, 24 наурызда Ақтауда үш баласын өлтірді деген күдікпен олардың әкесі ұсталған болатын. Ақтаудағы 27-шағынауданда орналасқан пәтерден зорлықпен өлім белгілері бар күйінде жасөспірімдер табылған. 2011, 2014 және 2016 жылы туған кәмелетке толмағандарды өлтірді деген күдік бойынша полиция қызметкерлері 36 жастағы әкесін ұстады. 

Артынша күдіктінің суреті тараған еді. 

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

С. Сатыбалдина