Бопай ханымның қылышы Алматы облысындағы "Батыр бабаларға тағзым" музейінде сақтаулы тұр

Бопай ханымның қылышы Алматы облысындағы "Батыр бабаларға тағзым" музейінде сақтаулы тұр

Қазақтың соңғы ханы Кенесарының қарындасы Бопай ханымның қылышы Алматы облысындағы "Батыр бабаларға тағзым" мемориялдық музейінде сақтаулы тұр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

 Кенесарының кенже қарындасы Бопай табиғатынан қайтпас қайсар, жаужүрек болады. Ол ағасының барлық ірі  шайқастарына қатысады. Кенесары  Бопайды зекет жинайтын, ұлт-азаттық көтерiлiсті қолдамаған  сұлтандардың мал-мүлкiн тартып алатын 600 адамдық жасақтың сардары етiп қойды. Кенесары әскерінің құрамында Бопай бастаған  қыз-келiншектердiң жасағы да болған.

"Ал, ұрпақтан ұрпаққа сақталып келе жатқан қылышты музейге  Айдар Тастеміров деген азамат табыстады. Музейдегі құнды артефактілердің бірі 1845 жылы жасалған. Кенесары ханның қарындасы әйгілі Бопай ханым қылышы. Бұл қылыш 1845 жылы Санкт-Петербург қаласында әкелі-балалы Николай Вильгельм Шаф пен  Людвиг Вильгельм Шафтың шеберханасында жасалған. Бұл қылыштың басы ұшына дейін сыртқа қарай орташа қайқыланған.  Беріктігін арттыра түсу үшін, ұзындығын бойлай үш қатар терең бедер жүргізілген. Сабы ағаштан. Қолды жауып тұратын "балдағының" бір ұшы, қылыш басына қарай иіліп, шығыршықтала тұйықталған. Темірден соғылған қылыштың жалпы ұзындығы 98,5 см" дейді музей меңгерушісі Орынбасар Әлім.

 

Мұражайда 150 ден астам тарихи құнды жәдігер сақталған. Мұнда жаугершілік замандағы айбалта, сақетер, босмойын, найза, қалқан сынды ұрыс және қорғаныс қаруларын көріп, мол мағлұмат алуға болады. Оқушылар үшін танымдық дәрістер өткізіліп тұрады. Өткен жылы мұражайға он мыңға жуық адам келген.

"Қазақ қыздарының ішіндегі қолды бастай алатын, ер-азаматтарға сөзі жүретін, қолынан іс келетіндігін дәлелдеген бірден-бір тұлға - Бопай ханым. Бопай ханымның қылышын қолмен ұстап, сезінуіміз біз үшін үлкен олжа, байлық. Біз осындай жәдігерімізді, тарихи мұрамызды қастерлеп, кейінгі ұрпаққа өнеге ретінде айтып отырумыз керек" дейді Қаскелең қаласындағы А.Байжанов атындағы орта мектептің тарих пәнінің мұғалімі Жанерке Баймолдина.

Саламат Сабыр

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Қ. Әбілдәқызы