"Кілт, ине, магнит". Тараздық дәрігерлер балалардың асқазанынан 100-ден аса зат шығарған

"Кілт, ине, магнит". Тараздық дәрігерлер балалардың асқазанынан 100-ден аса зат шығарған
Фото: pexels.com

Жамбыл облысында кішкентай балалардың тыныс алу жолдарына бөгде заттардың түсуі жиілеген. Былтыр осындай жағдаймен дәрігерге жүгінудің 30 дерегі тіркелсе, биыл небәрі үш ай ішінде 27 адам шағымданған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап. 

Сондай-ақ, былтыр асқорыту жолындағы бөгде заттарды алу процесі 160 рет болса, биыл алғашқы үш айдағы жағдай 50-ден асыпты.

Осыдан бір ай бұрын тараздық дәрігерлер бірнеше ине жұтқан баланы аман алып қалған. Аймақта жыл басынан бері балалардың ағзасынан осындай ірілі-ұсақты 100-ге тарта бөгде зат шығарылыпты. Дәрігерлердің айтуынша, балалардың ағзасынан алынған заттардың қатарында ілгек, түйме, тиын, кішкентай қыздардың шаш түйрегіштері, перде ілгіш, кілт, майда ойыншықтар, тіпті есту аппараттары бар.

"Бөгде заттар баланың ағзасына ауыз, мұрын, құлақ арқылы түседі. Тыныс алу жолдары арқылы кірген зат мұрын ішінде, кеңірдекте, өкпе тінінде тұрып қалуы мүмкін. Ең қауіпті жер - көмей мен кеңірдек. Тез арада медициналық көмек көрсетілмесе, балаға ауа жетпей 1-2 минут өтпей-ақ, көз жұмуы ықтимал. Мұндай жағдайлар, әсіресе 1-3 жастағы сәбилер арасында жиі кездеседі", - дейді №2 қалалық балалар ауруханасының дәрігері Ержан Серікбекұлы.

Дәрігерлердің айтуынша, балаларға ең қауіп төндіретін заттың бірі - батарея. Ол асқазанды күйдіріп жебереді. Қышқыл болғандықтан, бала ағзасында тотығып, өңешті де шірітіп жібере алады. Екіншісі - магнит. Оның көлемі қаншалықты кіші болса, соншалықты зиян. Себебі әрқайсысы әр ішекке түсіп, бір-біріне тартылып, ішектерді жабыстырып тастауы мүмкін. Сондай-ақ, тиындар да қауіпті заттар қатарында. Себебі ол кей балалардың өңешін бітеп тастайды. Ал кәмпит қағаздары өкпеге ауа өтетін жолды бөгейді.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

С. Сатыбалдина