4 мың литр көже халыққа тегін таратылған

4 мың литр көже халыққа тегін таратылған

Алматы облысы, Көкбастау атшабарында биыл наурыз тойы ерекше тойланды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Ұлыстың Ұлы күнін жоғары деңгейде өткізу үшін Жамбыл ауданындағы ауылдық аймақтар мен мекемелер 60 киіз үй тікті. Әр үйдің қасында қазан қайнап, ет асылып, наурыз көже пісірілді. Жалпы бұл күні 4 мың литр көже халыққа тегін таратылды. Ал, мерекені  тамашалуға Алматыдан, еліміздің өзге де аймақтары  мен алыс-жақын елді-мекендерден 15 мыңнан астам адам жиналды. Тіпті, Қытай мен Түркиядан арнайы келген туристер де табылды.

"Тойға деп екі мал сойдық. Үш қазан көже мен палау пісірдік. Наурыз керемет өтті" дейді Теміржол ауылдық аймағының тұрғыны Ұлжан Нұрбаева.

Ал, арнайы әзірленген сахнада аудан өнерпаздары мен "Сүйінбай сазы"  фольклорлық-этнографиялық ансамбілінің өнерпаздары "Наурыз Думан" атты театрландырылған қойылым ұсынды. Бұл күні ұлттық ойындар болды. Жігітер аударыспақ пен қазақша күресте бағы мен бабын сынады. Қошқар көтеру жарысы өтті. Көйбастау атшабарында құнан және аламан бәйге өттіп, бас жүлдеге мотоцикл мен су жаңа автокөлік тігілді.

"Елдің берекесі мол болсын, жастарымызға жалынды бақыт берсін, ғылымды білімді болып ата дәстүрін сақтауға Алла нәсіп етсін" деп батасын берді ауыл ақсақалы Жолдыбай Рахыбайұлы

Дегенмен, мереке келеңсіз жағдайсыз өтпегенін де айта кету керек. Той біткен соң кетуге асыққан жұрт кептелісте тұруға мәжбүр болды. Бір уақытта жолға шыққан мыңдаған автокөлк кептелісі  7 шақырымға созылып, аудан орталығы Ұзынағаштың көшелеріне дейін жетті. Соның салдарынан 5 жол көлік апаты  тіркелді. Жергілікті жол патрульдік инспекциясы жағдайы игере алмады. Кептеліс тек ел аяғы басылып, кеш қарайғанда сейілді.

   Саламат Сабыр

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Қ. Әбілдәқызы