Шымкентте қатардағы сарбаздар көпірден секірмек болған әйелді құтқарып қалды

Шымкентте қатардағы сарбаздар көпірден секірмек болған әйелді құтқарып қалды
Фото: pixabay.com

Шымкентте ұландықтар өмірімен қоштаспақ болған әйелді құтқарып қалды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі polisia.kz.

Оқиға 23 наурыз күні сағат 19:35 шамасында болған.

Қоғамдық тәртіп пен азаматтардың қауіпсіздігін күзету барысында әскери жасақ бастығы қатардағы Нұрдәулет Мадымұхамбетов, Бекарыс Наранбаев пен Нұрболат Дүйсенмен бірге Мангелдин және Темірлан көшелерінің қиылысында орналасқан көпірден секірейін деп тұрған белгісіз әйелді байқап қалған.

"Оқиға орнына келгенімізде азаматша көпірден төменге қарай секірмекші болып тұр екен. Біз одан мұндай әрекетке бармауын өтіндік. Алайда ол ештеңе айтпастан жылай бастады. Мен әйелді өзіме қарай тартып қалдым, қалған екі жауынгер оны қауіпсіз жерге шығаруға көмектесті", - деді қатардағы Нұрдәулет Мадымұхамбетов.

Оқиғаның мән-жайын анықтау үшін құтқарылған әйел полиция қызметкерлеріне табысталды.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

М. Лұқпан