Шымкент тұрғындары тағы да жер сілкінісін сезді

Шымкент тұрғындары тағы да жер сілкінісін сезді
Фото: Видеодан алынған кадр

Шымкентте 23 наурызда түнде жергілікті тұрғындар жер сілкінісін тағы да сезді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Құтқарушылардың жедел ақпараты бойынша, 2-3 баллдық жер сілкінісі болған. Жерасты дүмпулері Алматы уақыты бойынша 02.07-де тіркелді. Құрбандар мен зардап шеккендер туралы ақпарат түспеген.

"Жер сілкінісінің эпицентрі Алматыдан оңтүстік-батысқа қарай 740 шақырым жерде, Тәжікстан аумағында орналасқан. Магнитудасы - 6.5. Шымкентте 2-3 баллдық жер сілкінісі тіркелді", - деп хабарлады Шымкент ТЖБ өкілдері.

Жергілікті тұрғындар Шымкенттің орталығында да, қала сыртында да дүмпулерді сезді. Жер асты дүмпулерін көпқабатты үйлердің тұрғындары сезген.

"Мен бесінші қабатта тұрамын. Сол кезде үй жинап жатқан едім. Басында басым айналып кетті деп ойладым. Содан кейін люстра мен шкафтың қозғалғанын байқадым. Анам жүгіріп келді, қабырғадағы сурет құлап түскенін айтты", - дейді Шымкент тұрғыны Динара Асылханова.

"Мен қала сыртында, жеке үйде тұрамын. Бірақ сілкінісін сездім. Сандық қозғала бастады", - дейді Шымкент тұрғыны Диас Ассаубаев.

Еске салайық, бұған дейін 21 наурызда Шымкент пен Тараз тұрғындары жер сілкінісін сезгенін хабарлаған едік. 

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

С. Бөлек