Астаналықтарға "Мерген" комиксі таныстырылды

Астаналықтарға "Мерген" комиксі таныстырылды

Астана қаласындағы “Меломан” кітап дүкенінде “Мерген” комиксінің таныстырылымы өтті, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Бұл рәсімге комикс авторлары Бек-ата Даниял мен суретші-иллюстратор Мағира Тлеубердина қатысып, оқырмандар мен қонақтардың сауалдарына жан-жақты жауап берді.

Іс-шараны жүргізген медиаменеджер Мақпал Жұмабайдың айтуынша, "Мерген" қазақстандық комикс өнерін жаңа бағытқа бастайтын батыл бастама болды. Ол оқырмандардың қазақ тарихы мен мифологиясына деген зор қызығушылығын тудыратыны анық.

Комикс қазақ ертегілері мен аңыздарының негізінде жазылған. Қазақ мифологиясының негізгі кейіпкерлері - комикс өзегі. Ал комикстің басты кейіпкері - Мерген батыр. Ол соғыстан оралған соң тыныш өмір іздегенімен, шайқастарға қайта оралуына тура келеді. Бұл жолы ол халқын тылсым жаулардан қорғайды.

"Мерген" комиксі адамзатты адамгершілікке, батырлыққа, батылдыққа, адалдыққа, қорқыныштарға қарсы жүруге шақырады. Жобаның алғашқы шығарылымы қазақ мифологиясында өзіндік орны бар Жезтырнаққа арналған. Биыл оның 4 санын шығару жоспарланған. Авторлар комиксті Қазақстан нарығымен қатар, халықаралық нарыққа да шығаруды көздеп отыр", - деп түсіндірді Мақпал Жұмабай.

Сценарий авторы 24 жасар Бек-Ата Даниялдың жұмыстары Olympia Publishers, Markosia секілді британдық комикстер баспасында жарияланған.

Ал суретші Мағира Тлеубердина – "Қабанбай" комиксының авторы, екі баланың анасы. Астана қаласындағы танымал муралдың бірі (Мүсірепов көшесі 7) "Peace" нобайының авторы.

Азамат Қойшығара

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Қ. Әбілдәқызы