Астанада 5 мыңнан астам бүлдіршін балабақша кезегінде тұр

Астанада 5 мыңнан астам бүлдіршін балабақша кезегінде тұр
Фото: @https://inbusiness.kz

Астана қаласында балабақша тапшылығы әлі де өзектілігін жойған жоқ, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі. 

"Елордада жалпы 64 465 баланы қамтып тұрған 457 мектепке дейінгі білім беру ұйымы жұмыс істеп тұр. Оның арасында 100-і мемлекеттік балабақша, 354-і жекеменшік ұйым. Жеке сектордағы мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының 346-сы мемлекеттік тапсырыс бойынша қызметін жалғастырып отыр. Мемлекеттік балабақшаларда 32 903 бала (51%) және жекеменшік ұйымдарда 31 562 бала (49%) тәрбиеленіп жатыр", - дейді елордалық білім басқармасы басшысының орынбасары Серік Әділбаев.


Оның сөзіне қарағанда, қазіргі кезде "INDIGO: электронды балабақша" порталында кезекте 52 588 бүлдіршін тіркелген. Атап айтқанда:
- 0-ден 1 жасқа дейін - 15 831 бала;
- 1 жастан 2 жасқа дейін - 18 658 бала;
- 2 жастан 3 жасқа дейін - 8 332 бала;
- 3 жастан 4 жасқа дейін - 5 107 бала;
- 4 жастан 5 жасқа дейін - 3 071 бала;
- 5 жастан 6 жасқа дейін - 1 589 бала балабақша кезегінде тұр.


"Ұсынылған деректерге сүйене отырып, 2 жастан 6 жасқа дейінгі кезек саны 18 093-ке жетті. Осы мақсатта балаларды мектепке дейінгі білім және тәрбиемен кеңінен қамту бағытында 2023 жылы қосымша 9 700 орын ашу жоспарланған", - деді басқарма өкілі.


Демек, Астана қаласында балабақша тапшылығы мәселесі алдағы 4-5 жылдың шамасында шешіле қоймайды.
Десе де басқарма өкілінің мәліметінше, мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының желісін кеңейту үшін қала әкімдігі 185 балабақшаға арналған жер учаскесін белгілеген. 2029 жылға дейінгі жоспар бойынша балабақшадағы орындарды ұлғайту үшін жеке меншік мектепке дейінгі ұйымдарға 38 740 орынға мемлекеттік тапсырыс жарияланады. Сонымен қатар тұрғын үй кешендерінің бірінші қабатында қадамдық қолжетімділік қағидаты бойынша балабақшалар желісі ашылады. Сондай-ақ бас қаладағы балабақшаларда еңбек ететін педагогтердің 24,5 пайызының бейіндік білімі жоқ. Бұл деректі білім басқармасының басшысы Қасымхан Сенғазыев ұсынған болатын.


"Бүгінде мектепке дейінгі ұйымдарда 5 800 тәрбиеші жұмыс істейді. Оның ішінде 24,5 пайыз маманның бейіндік білімі жоқ. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 6,5 пайызға төмен. Аталған мәселені шешу үшін педагогтер біліктілік арттыру курсынан өтіп жатыр", - деді Қасымхан Сенғазыев.


Азамат Қойшығара

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Қ. Әбілдәқызы