Оқушы мектепке балтамен келген жантүршігерлік жайт: секунд ойланбастан ерлік жасаған балалар марапатталды

Оқушы мектепке балтамен келген жантүршігерлік жайт: секунд ойланбастан ерлік жасаған балалар марапатталды
Фото: ПД

Солтүстік Қазақстан облысының Полиция департаменті өкілдері қауіпті жағдайда батылдық танытқан екі петропавлдық оқушыны марапаттады. №4 қалалық орта мектептің екі жоғары сынып оқушысы Нұрислам Сандыбай мен Алдиар Нұртаев, олардың аналары облыстық полиция басшылығынан алғыс хат алды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Оқиға 13 ақпанда таңертең Петропавл мектебінде болған еді. 9-сынып оқушысы балтамен үш оқушыға дене жарақатын салды. Зардап шеккен балалар ауруханаға жатқызылды. Полиция мен дәрігерлер келгенге дейін шабуылдаушы баланы екі оқушы, яғни Нұрислам мен Алдиар ұстап алып, қауіпті жағдайдың алдын алды.

Қазір бұл қылмыс дерегі бойынша тергеушілер істің барлық мән-жайын жан-жақты зерттеуге бағытталған соталды тергеу жүргізіп жатыр. Оның нәтижелері бойынша түпкілікті шешім қабылданады.

Ұлдар мен олардың аналары Айсұлу Сандыбаева мен Айман Нұртаеваға алғыс хат пен сыйлықтарды СҚО ПД бастығының бірінші орынбасары Қанат Айтбаев салтанатты түрде табыс етті. Қанат Айтбаев әрбір ересек адам қажет шараларды жедел жағдайда қабылдай ала бермейтінін, алайда Нұрислам мен Алдиар бірнеше секунд ішінде бағдарланғанын, осылайша, өзін және басқа балаларды қауіп-қатерден қорғағанын айтты.

Екі бала да өз-өзін дамытумен, спортпен шұғылданады. Олар болашақ мамандықтарын әлі таңдамаған.

Еске салайық, бұған дейін Петропавлда 9-сынып оқушысы мектепке балта мен пышақ әкеліп, үш баланы жарақаттағанын хабарлаған едік. Оқиға таңертең №4 мектепте болған. Оқу-ағарту министрлігі еліміздің барлық мектебінде қауіпсіздікті тексеру жұмысы жүргізілетінін мәлімдеді.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова