"Шетінеп кетті деген". Түркістан облысы тұрғыны колледжде зорланып, сәбиінен тірілей айырылған

"Шетінеп кетті деген". Түркістан облысы тұрғыны колледжде зорланып, сәбиінен тірілей айырылған
Фото: Видеодан алынған кадр

Ғалия Садықова колледжде оқып жүрген кезінде зорланған. Кейін ол құрсағына біткен сәбиін аман-есен босанған. Ал біраз уақыттан кейін Ғалияның әжесі бала шетініп кеткенін айтқан. Алайда Ғалия бірнеше жыл өткен соң перзентінің тірі екенін, Өзбекстаннан біреулер асырап алғанын білген. Осы мәселенің ақ-қарасын анықтау үшін Ғалия Садықова "Ел бағдарламасына" жүгінген, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Ғалия Садықова 2005 жылы Мақтаарал колледжіне оқуға түскен. Оның сөзінше, сол жердегі қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ беретін мұғалім зорлаған. Кейін бұл жағдайды апасына (әжесіне - еск.) айтқан, ал әке-шешесі ер адамды сотқа берген. Кейін сотқа жеткізбей ер адам Ғалияға үйленген. Алайда оның айтуынша, келін секілді өмір сүрмеген, бір бөлмеде қамауда отырған. Ешқандай той өткізілмеген. Ал екі айдан кейін енесі үйіне қайта әкеліп тастаған. Бірақ ата-анасы, туған-туыстары жас Ғалияны қабылдамаған. Ал әжесі құрбысының үйіне апарып тастаған. Ол 2006 жылы Шардарадағы перзентханада ұл босанған. 

"Сол жерде қатты ауырдым. Жансақтауға кеттім. Жазылып шығып, баламды қолыма алдым. Кейін апамның (әжесі - еск.) құрбысының үйіне келдім. Бақыт Сыдықов деп ат қойдым. Менің қолымнан әкемнің ағасының әйелі - Фатима алып кетті. "Баланы сен баға алмайсың" деп, мүмкіндік бермей алып кетті", - дейді Ғалия.

Сол жағдайдан кейін Ғалияның әжесі оған баласы шетінеп кеткенін айтқан. Бірақ қай жерге көмгенін нақтыламаған. Осылайша, Ғалия жұмыс істеп жүре берген. 2015 жылы, 9 жыл өткеннен кейін отбасылық қиын күйзеліске тап болған. Осы кезде ол өз-өзіне қол жұмсамақ болған. Бірақ әкесі құтқарып қалған. Бұл оқиғадан кейін Ғалияның әжесі оған баласы тірі екенін айтып, "тауып ал" деген аманатын жеткізген. Бірақ ол баланы асырап алатын адамдарға 10 жасқа толған кезде "әкеліп тұр, араласайық" деген өтінішпен бергенін айтқан. Бірақ баланы асырап алғандар келмеген. 

Ғалия 2018 жылдан бері баласын іздеген. Бұл уақытта әжесі өмірден өтіп кеткен. Осы іске қатысы бар Фатима атты жеңгесінен де мән-жайды сұраған, бірақ ол айтпаған.

Бағдарлама журналистері Келес ауданына барып, бала тұратын үйді тапқан. Баланы асырап алған Роза Әліқұлқызы есімді Түркістан облысы тұрғыны ол кезде жас болғанын, бәрі разы болып, баланы бергенін жеткізді. Ол Ғалияның әжесінің етегінен өз етегіне салып алғанын айтады. Оның сөзінше, күйеуі белсіз болып шыққан. Олар баланы күйеуінің жолдасы арқылы асырап алған. Ал жолдасы - Фатима есімді жеңгесінің нағашысы. Роза Әліқұлқызы бұрын Өзбекстанда тұрғандарын, 2009 жылы Қазақстанға көшкендерін жеткізді. Олар баланың есімін өзгерткен, төлқұжатын жасатқан.

Қазір бала 10-сыныпта оқиды. Болашақта ақпараттық технология маманы болуды армандайды екен. Ол бағдарлама барысында көрсетілген сюжетте асырап-баққан ата-анасын тастамайтынын, өз анасы туралы білгісі келмейтінін жеткізген. Ал баланы асыраған Роза Әліқұлқызы жігіт болып ержетіп, үйленіп, 1-2 балалы болғанда бұл сырды айту өз ойында да болғанын мәлімдеді. Ол баланың туған анасы Ғалияға аман-есен дүниеге әкелгені үшін алғысын айтып, болашақта, бала дайын болғанда көрістіретінін жеткізді.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова