"Менен алты жасқа үлкен". Түркістан тұрғыны әйелінің теріс жолға түскенін айтты

"Менен алты жасқа үлкен". Түркістан тұрғыны әйелінің теріс жолға түскенін айтты
Фото: Видеодан алынған кадр

Түркістандық Мағжан Әлменов жалғыз қызын әйелінен жасырып жүр. Оның сөзінше, теріс жолға түскен Тамара есімді әйелінің қызын тәрбиелеуіне жол бермейді. Ол перзентін тартып алудан басқа амалы қалмағанын айтады. Бұл мәселе "Астарлы ақиқат" бағдарламасында көтерілді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Мағжан Әлменовтің айтуынша, жалғыз қызы өз тегіне жазылмаған. Ал әйелі Тамарамен саунада танысқан. Әйел алғашында есімі Мөлдір екенін, 1992 жылы туғанын айтқан. Бірақ ол 1987 жылғы болып шыққан. Сондай-ақ, Мағжан әйелін жеңіл жүрісті деп айыптап отыр.

"Менен алты жасқа үлкен. Оны екі жылдан кейін білдім. Құдалық болатын болды. Әкесінің інісінің келіншегі "Мөлдір, Мөлдір" деп жатыр. "Мен неге Мөлдір дей бересіңдер? Аты Тамара ғой, Тома ғой" деймін. Мән бермедік. Сіңлісінің есімі - Қарлығаш, ол да өзін Динара дейді. Сіңлісі де, өзі де жеңіл жүрісті. Осы қызға бардым. Телефон алмастық. Бір аптадай сөйлесіп жүріп кездестік", - деді ол.

Тамара мен Мағжан 2019 жылдан бірге тұрған. Бірақ заңды некеге тұрмаған. Ал әйел бұған дейін де заңды некеде болған екен, сол некеден үш баласы бар. Балалар қазір Өзбекстанда бұрынғы ата-енесінің қолында тұрады. Ал кейінгі некеден туған бала сол бұрынғы күйеуінің атына жазылған. Негізгі мәселе де осы кейінгі некеден туған қызға қатысты болып отыр. 

"Қызым екі жасқа толғанда базарға асханаға жұмысқа (әйелі - еск.) шықты. Ішкенде (әйелі ішімдік ішкенде - еск.) түбін түсіреді. Ішіп келіп айқай шығаратын еркектер бар ғой, бізде керісінше. Сотты болғанмын, денсаулығыма байланысты мал шаруашылығымен айналысамын. Ет сатамын", - дейді Мағжан.

1 наурызда әйел үйден кеткен. Ал 2 жасар Айша әжесі Ләззаттың тәрбиесінде. Күйеуінің жала жауып отырғанын, жеңіл жүрісті емес екенін жеткізген Тамара Нарынбаева өз шындығы барын айтады.

"Бір ұлым шетінеп кетті. Көп күйзеліс болды. Осымен ұрыспайын деп базарға даяшы болып жұмысқа шықтым. "Сен кімге керексің? Сені кім тыңдайды? Қызыңды көрмейсің, армандама" деген сөздер көп айтатын. Әр ұрысқан сайын сондай сөздер айтады. Өткен ісіме өкінемін, жаңылысқан шығармын", - дейді Тамара Нарынбаева.

Мағжанның анасы Ләззат Таңатова Тамараның ащы суға әуес екенін мәлімдеген. Алайда Тамара мұндай әдеті жоқ екенін айтып отыр.

Бағдарлама барысында екі тарап та қыздың әкесі шын мәнінде, кім екенін анықтау үшін ДНҚ сынамасын тапсыруға келісім берді. Сонымен қатар, Мағжан қызын әйеліне қайтаратынын, алайда ешқайда кетпейтіні, баланы көрсетіп тұратыны туралы рұқсат хатпен жіберетінін жеткізді.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова