Біреуінің салмағы екі келіге жуық: Өскеменде үшем дүниеге келді

Біреуінің салмағы екі келіге жуық: Өскеменде үшем дүниеге келді

Өскемендегі Ана мен бала орталығында үшем өмірге келді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Үшемнің бірінің салмағы екі келіге жуық. Аленаның салмағы 1900, Марусяның салмағы 1846, ал Маринаның салмағы 1435 грамды көрсетті.

Сәбилердің анасы жүктіліктің 34-аптасында ауруханаға түскен. Отыздың төртеуін толтырған Екатеринаның бұл - екінші жүктілігі.

"Дәрігерлер кесарь тілігі арқылы босандырды. Қыздардың тыныс алу мүшелерінің дұрыс жетілмеуіне байланысты ақ халаттылар бақылауды күшейткен. Нақты айтсақ, жаңа туған сәбилерге арналған реанимация және қарқынды терапия бөлімшесіне ауыстырылды", - дейді облыстық Денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметіндегілер.

Жансақтау бөлімінде жағдайлары оңалғанша, тыныс алуға көмектесетін CPAP аппараты қолданылған. Перзентханадан шығарарда салмақ та қосыпты.

Ана мен бала орталығы дәрігерлерінің айтуларынша, үш жыл бұрын дәл осындай зор қуаныштың куәсі атанған екен.

"Облыс көлемінде алсақ, сирек жайт - бұл. Үшемнің дүниеге келуі ата-анасы үшін ғана емес, бүкіл мекемеге тосынсый болды. Перзентханадан шығарарда шақалақтардың салмағы 2540, 2342, 2030 грамды көрсеткен", - деді ақ халаттылар.

Облыстық Денсаулық сақтау басқармасы өкілдері биыл қаңтар, ақпанда өңірде 1499 сәби дүниеге келгенін айтады.

Асыл Бигелді

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Қ. Әбілдәқызы