10 мыңдай адам жиналды: Маңғыстауда "Көрісу" басталды

10 мыңдай адам жиналды: Маңғыстауда "Көрісу" басталды

Маңғыстаулықтар "Амал" мерекесін дүркіретіп атап өтіп жатыр. Шараға 10 мыңдай адам жиналды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Көктемнің келгенін білдіретін - "Амал" мерекесін әсіресе, Маңғыстау жұртшылығы сән-салтанатымен атап өтеді. Биыл да дәстүр бойынша көпшілік теңіз деңгейінен 532 метр биікте орналасқан, Отпан таудың басында жиналды.

Қыстан аман-есен шыққан жұрт, көктемнің шуағына жылынып, бір-бірімен қуана қауышты. Қол алысып, төс қағыстырып көрісіп, мәре-сәре болды.

"14-наурызды "Амал" мерекесі, "Көрісу" күні деп не үшін айтамыз? Наурыздың 14-і көктемнің бірінші күні, содан бастап жаңа жыл басталады деп есептейміз. Осы дәстүр өмірге келді. Біз соны ұстанып келе жатырмыз. Енді оны ұрпаққа үйрету біздің парызымыз", - дейді өлкетанушы Алқажан Еділхан.

Мерекеге орай, 40-тан астам ақ шаңқан киіз үй тігілді. Екі күндік бағдарламада 30-дан астам мәдени және спорттық шара жоспарланған. Жарыстардың бірқатары кеше болды. Сондай-ақ, ынтымақ пен татулықтың белгісіне айналған "Бірлік" оты жағылды.

Ал бүгін шетелдік ғалымдардың қатысуымен ғылыми конференция болады. Сол үшін Түркия мен Әзербайжан елінің профессорлары келген.

Сонымен қатар, тазы жүгірту, бүркіт салу, тай жарыс және аламан бәйге болып жатыр.

"Біз Атыраудан келдік. Жылда осы мерекені қызықтаймыз. Барғасын дастарқан басында келіндерге табақ алыңдар, сәлем етіңдер деп маңғыстаудың салт-дәстүрін үлгі етіп айтып отырамыз. Бұл өңірдің татулығы мен ауызбіршілігі өте жақсы. Үйренеріміз көп", - дейді Атырау қаласының тұрғыны Тілек Мырзағали.

Жаңа жылдың келуін білдіретін "Амал" мерекесіне маңғыстаулықтар ерекше мән береді.

Бұл ұлттық салт-дәстүрді көрсете отырып, халықтың бірлігін насихаттайтын мереке. Сондай-ақ, жыл өткен сайын ауқымы кеңейіп, мәртебесі артып келеді.

Сая Мәжитқызы

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

С. Сатыбалдина