300 миллион теңге қайтарылды

300 миллион теңге қайтарылды

Теміртау қаласы прокуратурасы 2022-2023 жылдар аралығында жылумен қамту саласында талдау жүргізген. Биылғы жылыту маусымы басталғанда, "Оқжетпес-Т" ЖШС, "АрселорМиттал Теміртау" АҚ ЖЭО-2 желілерінде жөндеу жұмыстары жүргізілген. Ал бұл тұрғындардың үйлерінде температура режимінің жиі бұзылуына әкеліп соқтырған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Тиісінше, мұндай жағдайларда жылумен жабдықтау бойынша қызметтердің құны қайта есептелуі керек, дегенмен мұндай қызмет монополист тарапынан жасалмаған. Прокуратураның қадағалау актісі бойынша кәсіпорын 120 мың тұрғынның жылумен жабдықтауды пайдаланғаны үшін 300 миллион теңгеден аса соманы қайта есептеді.

"Қазан, қарашадан бастап қайта есептеу жүргізілмеген. Қала бойынша жылу беру төмен деңгейде болған. Есептеу жұмыстары жүргізіліп 120 мың тұрғын, 1329 жеке кәсіпкер құқығы қорғалды. Жалпы, 300 миллион көлемінде есептеу жүргізілді", - дейді Теміртау қаласының прокуроры Арман Омаров.

2023 жылдың басынан бастап тұтынушыларға тарифтің тек 60 пайызы есептелді. Прокурорлардың айтуынша, барлық 120 мың тұтынушыға қайта есептеу жүргізіледі. Расында да, қыс бойы Теміртау халқының базынасы бір үзілген жоқ. Олар екі күннің бірінде жылусыз қалып, жылытқыш қондырғыларымен жан баққан еді.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Қ. Әбілдәқызы