"7 минут қалды, шыда". Рудныйда ата-ана баласын дәретханаға жібермеген мұғалімді жазалауды сұрайды

"7 минут қалды, шыда". Рудныйда ата-ана баласын дәретханаға жібермеген мұғалімді жазалауды сұрайды
Фото: Tengrinews.kz/Тұрар Қазанғапов

Рудный тұрғыны Любовь Миронова 1-сыныпта оқитын қызын мұғалім дәретханаға жібермегенін айтып шағымданды. Оның сөзінше, 9 наурызда сынып жетекшісі қоңырау шалып, қызын мектептен алып кетуді сұраған, - деп хабарлайды "Алау".

Қыздың анасы Любовь Миронованың сөзінше, оқушының іші ауырған.

"Мұғалім бірінші сабақ аяқталуына 7 минут қалғанда, қызым дәретханаға баруды өтінгенін айтты. Ал қызым іші ауырғанын айтқан. Мұғалім "жоқ. 7 минут шыдайсың" деген. Бала шыдай алмай, шалбарына дәрет сындырған. Мұғалім қоңырау шалып "алып кет" деді. Қызыма үлкен әпкесі барды. Өзім үйде қызуым көтеріліп жаттым. Көрген нәрсемнен кейін директормен кездесуді талап ете бастадым. Менің ойымша, баламның конституциялық құқығы бұзылды. Білім бөлімі тарапынан шара қабылданбаса, прокуратураға жүгінетінімді ескерттім. Мұғалім оны қорлады. Бұл - мұғалім тарапынан жасалған буллинг. Бұл бірінші рет болып отырған жағдай емес", - деді Любовь Миронова.

Ол мұғалім кешірім сұрағанын айтады.

"Оны қабылдамаймын. Бала мектепке барудан бас тартады, психологқа, мұғалімге барғысы келмейді. Үзілді-кесілді. Қызым психологиялық тұрғыдан қысым көрді. Белсенді қыздан бірден тұйық балаға айналды", - дейді әйел.

Ата-ананың мектеп басшылығына қояр талаптары жоқ.

"Директор кешірім сұрады. Шағым тікелей мұғалімге қатысты", - дейді әйел.

Білім бөлімінің басшысы Темірхан Жайлыбаев Рудныйдағы мектепте болған оқиғаға қатысты пікір білдірді.

"Ата-анамен мектеп директоры деңгейінде жұмыс жүргізілді. Сөйлестік. Қыздың анасы мұғалімді жазалауды талап етеді. Мұғалім жұмыстан кету туралы өтініш жазды. Ол өкінетінін айтты. Зерттеуші мұғалім жақсы қасиеттерімен сипатталады. Көп жылдық еңбек өтілі бар. Бұл қалай болғанын өзі түсінбейді. Мұғалім "ол бір рет барып келіп, екінші рет тағы сұранды. Бұлай болады деп ойламадым" дейді. Ол қызды сыныптан жайлап шығарғанын айтты. Балалардан ешкім не болғанын түсінбей қалған", - деді білім бөлімінің басшысы.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова