Астанада 4 мыңнан астам бала мектебіне балшық кешіп барып жүр

Астанада 4 мыңнан астам бала мектебіне балшық кешіп барып жүр
Фото: almaty.tv

Астанадағы Әбіш Кекілбаев атындағы мектептің 4 мыңнан астам оқушысы оқуға балшық кешіп, әрең жетіп жүр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Almaty.tv-ге сілтеме жасап.

Бұл мектептің қолданысқа берілгеніне 4 айдан асқан, бірақ әлі күнге жолы жөнделмеген. Оқушылар мектепке күн сайын балшық кешіп жетуге мәжбүр.

"Өліп қалса кім жауап береді? Не болады? Біреу мәселені шешу керек қой. Ертең қар ериді, сонда не істейміз. Екінші аяқ киіммен барады ғой. Сонда да өте алмайды", - дейді қала тұрғыны Наталья Геллерт.

Тұрғындардың сөзінше, мектеп ауласында иесіз ит те өріп жүреді.

"Балалардың жүріп-тұруына жағдай жоқ. Иттер де көп жүреді. Балаларды қауып ала ма дейсің. Ол туралы да жаздық. Жауап жоқ. Менің балам құлап, 2 аптадан кейін кеше сабаққа барды. Үйге келгенде үсті түгел батпақ", - дейді қала тұрғыны Махаббат Есімова.

Ал әкімдік қызметкерлерінің айтуына қарағанда, жол жөнделеді, ал уақытша көшелерге тас төсемекші.

"Осы жылы Бөкейханов пен Рысқұлбеков көшесінен бастап жол саламыз. Асфальт төселіп, жарықпен қамтамасыз етіледі. Қаражат бар. Ал қазір уақытша адамдар өте үшін тас төсемдерін төгеміз", - дейді Көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасының бөлім басшысы Қайрат Аманжолов.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

М. Лұқпан