Қостанай облысының кәсіпорындарына 24 миллион теңге айыппұл салынды

Қостанай облысының кәсіпорындарына 24 миллион теңге айыппұл салынды
Фото: "Хабар 24"

Қостанай облысының кәсіпорындары қоршаған ортаны ластағаны үшін 24 миллион теңгеден аса айыппұл төлеген. Бұл былтырмен салыстырғанда екі есе көп, - деп хабарлайды "Хабар 24" телеарнасы.

7 миллион теңге айыппұл алтын өндіруші компанияға салынған. Оның қоршаған ортаға эмиссияға рұқсаты болмаған. Компанияның қызметі тоқтатылды. Темір рудасын және түсті металдарды өндіретін тағы бірнеше кәсіпорын жауапкершілікке тартылды. Онда ағын сулар мен өндіріс қалдықтарының шығарындысы нормадан асып түскен. Экологтар шығарындының өсуін тау-кен өнеркәсібінің, автомобиль көлігінің өндірістік қуатының артуы мен шағын және орта бизнестің қарқынды дамуымен байланыстырады. Бұл ретте өңірдегі басты экологиялық мәселелердің бірі - биологиялық тазарту қондырғысының жоғы.

"Бұл - биологиялық тазарту қондырғысы жоқ Қазақстандағы облыс орталықтарының бірі. Біз қаржыландыруды есептеп, республикалық бюджеттен бе, әлде жергілікті басқару орнынан бөліне ме деген жоспарды қарастырдық.  Жоба-сметалық құжаттаманы әзірлеу және осы жобаны әзірлеуге ақша бөлу, қаржыландыру мәселесін қарастыру мәселесі көтерілді. Мәселе әлі шешіліп жатыр", - деді Қостанай облысының экология департаментінің басшысы Зиада Бисахалова.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

С. Бөлек