Алматы іргесіндегі "Наурыз" саяжайының ауыл мәртебесін ала алмай жүргеніне 20 жылдан асты

Алматы іргесіндегі "Наурыз" саяжайының ауыл мәртебесін ала алмай жүргеніне 20 жылдан асты
Фото: видеодан алынған кадр

Алматы облысының Қарғалы ауылына қарасты "Наурыз" саяжай қауымдастығының тұрғындары 20 жылдан бері ауыл мәртебесін ала алмай жүр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

КТК телеарнасының хабарлауынша, "Наурыз" саяжайлар қауымдастығында 4 мыңнан астам тұрғын бар. Тұрғындар әкімдікке бұл жерді "саяжай" деу қисынға келмейтінін айтқанымен, дым өнбеген. Тұрғындардың айтуынша, ауыл мәртебесін беру үшін әкімдік "500 мыңнан ақша жинаңдар" деген талап қойған.

"Жер кадастрында жерге баға беріп, жер қоғамдығына сараптама жасайды.  Бәрін 530 мың теңге деген ақшаны құрып тұр. Қарап тұрсаңыз, бұл жерді біз жеке тұрғын үй құрылысы ретінде мемлекеттік акті сияқты сатып алғанбыз. Кезінде 5 мың халықтың ішінде әрқайсысы сатылып алынған ақшаға, қолында сатып алу шарты бар. 530 мың теңгені не себептен сұрап отыр?", - дейді саяжай тұрғыны Мәдина Ысқақова.

Асфальт жоқ. Тұрғындар өз күшімен жылына бір рет жолды жамайды. Ауыл ретінде тіркелмегендіктен, мұнда әлі күнге мектеп жоқ. Баласын көрші ауылдарға оқытуға мәжбүр. 

"Балалар төрт ауысыммен оқиды. Ең соңғысы 21:00-де қайтады. Қазір түрлі жағдай болып жатыр, баламыз үшін қорқып, жолына шығып күтіп тұрамыз. Баратын жолда машина да жоқ, автобус та жоқ. Тасып әкелуге такси жалдаймыз", - дейді саяжай тұрғыны Күнсұлу Отарбаева.

Ал әкімдік өкілі "500 мың теңгеден ақша жинау" туралы әңгімені теріске шығарды. Ал мектеп құрылысы биыл басталады дейді. Ал ауыл мәртебесін алу үшін әр тұрғын құжатын жер кадастрына өткізу керек екен.

"Бірінші жердің бағалау құны актісін жасау керексіздер. Оны кадастрда жасайды. Оны жасағаннан кейін арыз беруші жердің иесі ЭСҚ кілтімен Е лицензия деген бағдарлама бар, портал бар, Егов арқылы бересіздер. Шешім шығару 15 күнде қаралады ғой", - дейді Қарғалы ауыл округі әкімінің орынбасары Қуаныш Батырбаев.

Тұрғындардың көбі әкімдік айтқан құжаттарды осыған дейін де өткізгенін айтады. Алайда еш нәтиже шықпаған. "Наурыздың" өз алдына ауылға айналу мәселесін облыс деңгейінде қаралғанын қалайды.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

М. Лұқпан