"Сендер үшін кешірім сұрап жүрмін". Қарағанды әкімі автопарк басшыларымен кездесті

"Сендер үшін кешірім сұрап жүрмін". Қарағанды әкімі автопарк басшыларымен кездесті
Фото: Видеодан алынған кадр

Қарағандылықтар мен серіктес қалалар тұрғындарының қоғамдық көлікке қатысты шағымы жиі айтылады. Былтыр автопарктер 150 жаңа автобус сатып алған. Бұл тізімге тағы 100-і қосылмақ. Алайда бесінші автопаркте бүгінде бірде-бір жаңа автобус жоқ екен. 41 автобустың тек жартысы күнделікті адамдарды тасымалдайды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Қарағанды әкімі Мейрам Қожықов автопарк басшыларымен кездескен.

"Пришахтинскі секторы аумағында шамамен 68 мың адам тұрады. Бұл - іс жүзінде үлкен қала. Одан да бөлек кіші қалалар бар. "Күтіңіздер" деп әлі қанша уақыт созамыз? Сіздер үшін кешірімді мен сұрап келемін", - дейді Қарағанды әкімі Мейрам Қожықов.

Жазға қарай №5 автопарк Саран зауытынан 50 жаңа автобус алмақ. Қазір 44 автобусқа 39 жүргізуші бар екен. Қажет мөлшердің жартысы ғана күнделікті жұмысқа шығады. Қалалық бағыттарда жұмыс істеу үшін "Д" санатындағы 3 жылдық тәжірибесі бар жүргізушілер қажет екен. Ал мұндай тәжірибені тек Астанада тапсыруға болады. Сондықтан басшылық басқа қаладан мамандар алдыруды жоспарлап отыр екен.

"Қазір автопаркте жатақхана немесе қонақүй секілді орын салып жатырмыз. Сол жерде басқа қалалардан келген жүргізушілер тұрады. Алматы, Тараз қалаларымен келісім бар. Мұның бәрі жүргізушілер тапшылығынан істеліп жатыр", - дейді Қарағанды №5 автопаркі директорының орынбасары Мақсат Әлсенов.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова