Сабаққа келмеген баланы тексеруге үйіне барған: Таразда полицей бір отбасын соңғы сәтте құтқарып қалды

Сабаққа келмеген баланы тексеруге үйіне барған: Таразда полицей бір отбасын соңғы сәтте құтқарып қалды

Жамбыл облысында бір отбасының 5 адамы құтқарылды. Оқиға 6 наурызда сағат 22:00 шамасында болған, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Тараз қаласы Полиция басқармасы 2-ші Полиция бөлімінің кәмелетке толмағандар жөніндегі учаскелік полиция инспекторы Әлішер Ермековтің айтуынша, мектеп директорының тәрбие жөніндегі орынбасары Эльмира Еселбаевамен бірге оқушының сабаққа келмеу себебін білу үшін үйіне барған. Мектепке келмеген 8 жастағы баланың ата-анасы қоңырауға жауап бермеген. Мекенжайға келген полиция инспекторы қақпаны қаққанда да оны ешкім ашпаған. Көршілерден сұрағаннан кейін, кешеден бері отбасын ешкім көрмегені белгілі болған. Әлішер Ермеков осы үйдің көршісінің рұқсатымен аулаға кiрген.

"Үйге келе жатып, терезеден баланың еденде ес-түссіз жатқанын көрдік. Ойланбастан терезені сындырып, бөлмеге кірдім. Үйде каустикалық иіс болды, тұрғындардың көміртегі тотығымен дем алғанын түсіндім. Бірден газды жауып, барлық терезені аштым", - деді Әлішер Ермеков.

Барлық бөлмені аралап шыққан полиция қызметкері 58 жастағы ер адамды, оның 47 жастағы әйелін, олардың 12 және 10 жастағы қыздарын, 8 жастағы ұлын көшеге шығарған. Полицей зардап шеккендерге дәрігерге дейінгі қажет көмекті көрсетіп, кейін жедел медициналық жәрдем қызметкерлеріне тапсырған. Отбасы дереу ауруханаға жатқызылған. Дәрігерлердің айтуынша, оларға көмек сәл кешiккенде, ешкімді құтқару мүмкін болмас еді.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова