"Іс тігіп, ас әзірлегеннен гөрі осы жұмысым жеңіл": қарағандылық шахтер қыз мамандығы туралы айтып берді

"Іс тігіп, ас әзірлегеннен гөрі осы жұмысым жеңіл": қарағандылық шахтер қыз мамандығы туралы айтып берді

Қарағанды дегенде ең алдымен есімізге шахта мен көмір түсері анық. Тереңдігі 700 метрге дейін баратын кен орнына түсуге кез-келген жанның жүрегі дауалай бермейді. Осындай аса қауіпті, әрі ауыр жұмыспен нәзік жандылар да айналысады десек сенбейтін шығарсыз? Massaget.kz тілшісі солардың бірімен сұхбаттасқан еді. 

Жұмыстың қиындығына қарамай жеті қат жер астында қызмет ететін арулар да бар. Солардың бірі - Зарина Ахметжанқызы. Зарина Әлпиева Костенка шахтасында шебер болып жұмыс атқарады. Аптасына үш рет құралдарын арқалап, шахтаға түседі. Кіл ерлердің арасында бұл ару еркелеп еңбек етіп жүр. Түсінген жанға мұндағы жұмыс - тым ауыр. Тастай қараңғы, қою шаң, Шахтер шамының көмескі сәулесі ғана көмекшің болады.

Осындай қиын жұмыста Зарина Ахметжанқызы жаңа ғана өндірілген көмірден сынап алып, сапасын тексереді.

"Мен мұнда көмір сапасына жауап беремін. Сынамаға көмір алып, оны жуып, кейін зертханаға жіберемін. Кен орнындағы дәлдік пен тепе-теңдікті өлшеймін. Ерлермен бірге ең терең нүктелерге дейін барамын", - дейді кенші ару Зарина Әлпиева.

Ол кеншілер әулетінен шыққан. Оның әкесі - 40 жылға жуық еңбек өтілі бар шахтер. Оған қоса екі ағасы да осы жолда еңбек етеді. 

 Ол шахтадағы жұмыс қиын емес екенін айтады.

"Жоқ, қиын емес. Өзім таңдаған мамандық болған сон қиналмаймын. Бұл мамандыққа қызығушылығымды әкем ашты. Маған іс тігіп, ас әзірлегеннен гөрі осы жұмысым жеңіл. Қолым бос болса бассейнге барып тұрамын", - дейді шахтер қыз Зарина Әлпиева.

Кенші үш жылдық тәжірибесінде шахтадағы тынымсыз тіршілікке әбден үйренген. Уақытының көп бөлігі де осында өтеді. Айына апат болып, адамдар опат болып жататын бұл жерде еңбек етуге көп адамның батылы бара бермейді. Қазақтың қайсар қызы соған қарамастан, сүйікті мамандығын аса жауапкершілікпен атқарып жүр. Кеніштегі қою шаңның арасында қазба жұмысына кірісіп кеткен оның жұмысы, шынында да, нағыз еңбек.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Қ. Әбілдәқызы