46 жыл әуекемесінде қызмет етіп, Гиннестің рекордтар кітабына енген Гүлсім Әбікенова Қостанай қаласында тұрады

46 жыл әуекемесінде қызмет етіп, Гиннестің рекордтар кітабына енген Гүлсім Әбікенова Қостанай қаласында тұрады

Еліміздің түкпір-түкпірінде естіген адамға тағдырлары таңдай қақтыратын қазақтың нәзік жанды арулары жетерлік. Солардың бірі - тұтас 46 жыл ғұмырын әуекемесінің бортсерігі болып жұмыс істеген Гүлсім Асқарқызы. Ол былтыр күзде ғана зейнетке шыққан, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Бір кездері үлкен арманды арқалаған қаршадай қазақ қызы Гүлсімнің алғашқы еңбек жолы 1976 жылы наурызда басталыпты. Дәлірек айтсақ, ол алғаш рет бортсерік атанып әуе кеңістігіне көтерілген. Содан бері қызметін адал атқарған ол талай жанның батасын алып, алғысына бөленіпті.

Алда келе жатқан 8 наурыз халықаралық әйелдер күні қарсаңында еліміздің Ұлттық авиациясының даңқты қызметкерімен жолығып, біраз сырға қанықтық. Солардың бірі өзі ұзақ жыл еңбек еткен мамандығын кездейсоқ таңдағанын айтқанда еріксіз таңғалуға болады.

Гүлсім Асқарқызы сол 1976 жылы әуекемесінің бортсерігіне жұмысқа тұру үшін арнайы байқау болып жатқанын ойламаған жерден естіп қалады. Кішкентайынан жаны биіктікті қалайтын ол тәуекел етіп, үміткерлердің қатарында емтихан тапсырады. Осылайша, емтихан тапсырған 40 адам арасынан үздік он екінің біреуі ретінде Гүлсім сыннан сүрінбей өтті. Артынан білімін жетілдіріп, арнайы оқу курстарын да ойдағыдай аяқтаған.

Талай сынақтан сүрінбей өткен Гүлсімнің еңбек жолы өзінің туған қаласындағы Қостанай әуетасымалымен айналысатын мекемеде басталып кетеді. Осылайша, негізгі мамандығы кітапханашы болған өр мінезді қазақ қызы аспан әлемінде талай қиындықтарға тап болса да, бір сәт те сынбаған. Қайта намысқа тырысып, қанға біткен қайсарлығының арқасында осы салада 46 жыл қызмет еткенін білмей де қалады.

"Мен өзім кітапханашымын. Бұл оқуға әкемнің жан қалауымен түстім. Кейін әкем сынақтан өтіп, емтихан тапсырып, әуекемесінің бортсерігі атанып, қызметке кіріскенімде бетімнен қақпай батасын берді. Бұл маған өте күшті қолдау болды. Осылай жүргенде 1986 жылы құдай қосқан серігімді жолықтырып, тұрмыс құрдым. Арқа сүйер күйеуім де Қостанай жеріне танымал Қайыржан Әбікенов есімді азамат. Шаңырақ көтерген соң 1 жылдан кейін Қайыржан екеуміздің тұңғышымыз Ілиясымыз дүниеге келді. Осы кезде 5 жыл бала күтіміне байланысты негізгі мамандығым - кітапханашы болып жұмыс істедім. 1992 жылы бұрынғы басшылардың шақыруымен қызметіме қайта оралдым. Жан жарым Қайыржан да әуекемесіндегі жұмысымды сағынғанымды байқап жүр екен. Ол да жаның қалайтын жұмысыңнан қол үзбе деп тілек білдірді. Кішкентай Ілиясқа да менімен бірге ұшақта ұшып жүру қатты ұнады. Осылайша, араға бірнеше жыл салып, Санкт-Петербург қаласындағы Азаматтық авиация академиясы жанында шетелдерге шығуға рұқсат беретін арнайы курсты ойдағыдай аяқтадым. "ТУ-154" әуекемесімен алыс-жақын шет елдерге шыға бастадым. Соның арқасында біздің отбасы әлемнің біраз жерін шарлады", - деп еске алады Гүлсім апай.

Ал еліміз Тәуелсіздік алған жылдары ол уақытша қиындықтарға төтеп беріп, елдің ертеңіне үмітпен қараған. Өйткені сол жылдары қос өкпеден қысқан нарықтың қатал шеңгелінен бұл саладағы талай мамандардың жұмысын тастап кеткендерін көзімен көрген. 

"Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында өте қиын болды. Артынша Қостанайдағы ұзақ жылғы тәжірибесі бар мамандарды Алматы қаласындағы әуекомпаниясы жұмысқа шақырды. Солардың қатарында мен де болдым. 2001 жылы Қостанайда "Авиа-Жайнар" деген әуекомпаниясының еншілес мекемесі ашылды. Бұрынғы әріптестерімнің өтінішін аяқсыз қалдырмайын деп жай барып, байқауға қатыстым. Ол жерде менен өткен талай тілді жетік білетін жас мамандар болды. Бірақ неге екенін білмеймін комиссияның таңдауы маған тоқталыпты. Артынан оларға мен секілді тәжірибелі мамандар керек екені белгілі болды. Соны біліп, әріптестерім маған қолқа салыпты ғой", - дейді Гүлсім Асқарқызы.

Гүлсім апайдың шыққан жері - тектінің ұрпағы. Әкесі Асқар Өтепбергенов - облыстың қауіпсіздігі мен құқық қорғау органдарында абыройлы қызмет атқарған тұлға. Ал анасы - жас ұрпақты тәрбиелеуде себелі үлес қосқан ұлағатты ұстаз. Олар - бес қыз, бір ұл өсіріп-тәрбиелеген ата-ана.

Гүлсімнің келін болып табалдырық аттаған әулеті - атақты Молдахан Әбікеновтің шаңырағы. Атасы - екі бірдей майдан отында ерлік көрсеткен қайсар жан.

Бұл күнде өздері ата-әже атанып отырған Гүлсім қыз бен сол кездегі жалындаған Қайыржанды да тағдыр ұшақта жолықтырыпты. Нақтырақ айтқанда, 1986 жылы Қайыржан Қостанайдағы әуежайдан Алматыға жете алмай қалады. Осылайша, әуежайдың құрмет тақтасынан болашақ жары Гүлсімнің суреті көзіне оттай басылады. Қайыржан қарап қалмай сұлу қыздың үйінің телефонын тауып алып, билет тауып беруін өтінеді. Осылайша, бұл таныстықтың арты үлкен махаббатқа ұласып отыр.

Гүлсім Әбікенова марапатқа кенде емес. Соның жарқын бір дәлелі ретінде былтыр Республика күнінде "Құрмет" орденімен марапатталған. Ол - биыл Ұлттық азаматтық авиацияның 100 жылдығында арнайы медаліндің иегері.

Мешіт Ғазизұлы

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Қ. Әбілдәқызы