Өгей әкесі зорлаған: Шымкентте жыныстық зорлыққа ұшыраған бүлдіршіндер көбейіп барады

Өгей әкесі зорлаған: Шымкентте жыныстық зорлыққа ұшыраған бүлдіршіндер көбейіп барады

Түркістан облысы мен Шымкентте зорлық-зомбылыққа ұшыраған қыз-келіншектер саны күннен-күнге көбейіп бара жатыр. Қазір Шымкенттегі "Көмек" оңалту орталығында жақындарынан жапа шеккен 48 адам жатыр. Оның ішінде 4,7,9 жастағы қыздар да бар. Оның ішіндегі нағашы ағасы, өгей әкесі, тіпті туған әкесінен де зорлағандар бар, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Орталық басшысы аналарға бауыр еті балаларына бас-көз болуды ескертеді. Мәлика Жүсіпованың сөзінше, балаларға зорлық-зомбылық жасайтындар көбіне туған-туыс, көрші-қолаң, тіпті мұндайлар өз үйінен де шығуы мүмкін екен.

"Бізде қазір 13 әйел бала-шағасымен жатыр. Барлығы - 48 адам. Олар - басынан зорлық-зомбылық өткен әйелдер, кәмелет жасына толмай сексуалдық зорлық көрген құрбандар. Ата-аналарға айтарым, бала-шағаға мән беріп, жүріс-тұрысына назар аудару керек. "Көмек" орталығына келіп жатқан әйелдердің саны көбейіп кетті. Бұл тәрбиенің әлсіздігінен", - дейді Шымкенттегі "Көмек" оңалту орталығының басшысы Малика Жүсіпова.

Маманның сөзінше, қазір орталықта зорлыққа ұшырап жатқандардың ең кішкентайы - 4 жастағы қыз. Оны өгей әкесі зорлаған. 

"Дағдарыс орталығына түсіп жатқандар арасында 4,7,9 жастағы қыздар зорлық көріп келген. Қазір олармен психолог, психотеропевт жұмыс істеп жатыр. Бірақ ол аз. Ең бастысы, балаға ата-ана махаббаты мен мейірімі керек", - дейді орталық басшысы.

Орталықта жатқандардың тағы бірі - 15 жастағы оқушы. Ол 14 жасында бала көтеріп, 15 жасында ана атанды. Жасөспірім баланың әкесі өзінен 15 жас үлкен екенін айтады. Малика Жүсіпованың сөзінше, қыз он үш жасында жігітпен он алтыда екенін айтып танысқан. Бар шындық бойына бала біткесін бір-ақ ашылыпты. Қазір бұл іске қатысты сот жүріп жатыр. Кәмелет жасына толмаған қызбен жыныстық қатынасқа түскені үшін ер адам уақытша қамауда жатыр.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова