Ұн мен қант шет елдерге экспортталып жатыр

Ұн мен қант шет елдерге экспортталып жатыр

Елде өндірілетін ұн, ұн өнімдері мен қант Орта Азия елдеріне тасымалданып жатыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Азық-түліктер Маңғыстаудағы "Болашақ" станциясы арқылы Түрікменстанға одан әрі, Иран мен Ауғанстан елдеріне жеткізіліп жатыр. Ал бұл мемлекеттерден Қазақстанға мата, төсек-орын тыстары, күкірт, Иранның жеміс-жидегі, ыдыс-аяғы мен бояуы тасымалданады. Былтыр "Болашақ" станциясына 200 мың тоннадан көп жүк келіп, 2 миллион тоннадан аса тауар шет елге жөнелтілген.

Парсы шығанағындағы елдерге Қытай мен Ресейдің тауарлары да тасымалданып жатыр. Бұл мемлекеттер "Болашақ станциясы" арқылы автокөлік бөлшектерін, медициналық қондырғылар, дизель, құбыр, сұйық май мен бидай экспорттайды.

"Болашақ" станциясы шет мемлекеттермен жүк тасымалын дамытып, тауарды қысқа мерзімде жеткізу үшін, бұдан 10 жыл бұрын құрылған.

"Қазір тәулігіне 4 пойыз келіп, 4 пойыз кетеді. Биыл пойыздар санын 8-ге жеткізіп, жүк айналымын 2-3 есеге көбейту жоспарланып отыр. Біздің мүмкіншілігіміз 10 пойыз қабылдауға жетеді. Тек жұмысшы күшін толықтырсақ болды. Соған дайындық жұмыстары басталды", - дейді "Болашақ" станциясының бастығы Мақсат Нұрбеков.

Сая Мәжитқызы

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова