"Қантты қатты жақсы көреді". Петропавл тұрғыны сирек кездесетін жануарларды өсіріп отыр

"Қантты қатты жақсы көреді". Петропавл тұрғыны сирек кездесетін жануарларды өсіріп отыр
Фото: Видеодан алынған кадр

Петропавл тұрғыны саяжайда сирек кездесетін құстар мен жануарларды өсіреді. Ирина Фишбух 3 жыл бұрын қарбалас өмірді табиғат аясындағы тыныштыққа айырбастаған. Қазір оның қолында жылқы, ешкі, қоян, түрлі құстар бар, - деп хабарлайды Qazaqstan.tv.

Ол алтын түстес қырғауыл да өсіреді. Саяжайда бұл құстың 4 түрі бар. Отаны - Қытай. Күтімі келісті болғандықтан қанаттылар теріскейдің қытымыр климатына тез бейімделген. Ирина биыл балапан алуды жоспарлап отыр. Бұл жерде тауық, кептер, жіне бөдененің де бірнеше түрі бар. Ал үйректер жақында ғана Павлодар қаласынан әкелінген.

"Бұл - қытайлық жібек тауық. Оның мамығы үлпілдеп тұрады. Қауырсындары да басқаларға ұқсамайды. Ұша алмайды. Бұл құстардың ерекшелігі - терісі, еті, сүйегі қара түсті", - дейді Ирина Фишбух.

Ол үй қояны мен камерун ешкілерін де баптап отыр. Оларды Алматыдан жеңіл көлікпен әкеліпті. Ирина әр құс пен жануардың ерекшелігін жақсы біледі. Ал пони саяжайға екі ай бұрын әкелінген. Ол 2 жаста әрі қантты қатты жақсы көреді екен.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова